Шахтер күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов көмір өнеркәсібінің ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыс етті, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан минералдық ресурстар қоры бойынша әлемдегі ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Еліміздегі көмір қоры 34 млрд тоннаға бағаланған, бұл дүниежүзілік ресурстардың шамамен 4%-ын құрайды. Биылғы жылдың жеті айында Қазақстан экономикасы 6,3% өссе, тау-кен өнеркәсібі 8,5% өсім көрсетіп, көмір өндіру көлемі 10,6% артқан. Қазір салада 145 мыңнан астам адам еңбек етсе, соның 32 мыңы көмір өндірісінде жұмыс істейді.
Премьер-министрдің айтуынша, биыл жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында шахтерлер еңбегіне ерекше көңіл бөлінуде. Өндірістік қауіпсіздікті арттыру мақсатында шахталарда цифрлық жүйелер, пилотсыз техника, қашықтан басқару және жерасты радиобайланысы енгізілуде.
Кеншілердің пікірі
-
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Нұрқазған» кенішінің директоры Мұқан Үнгітбаев:
«Кеншілердің жұмысы жемісті, қауіпсіз болсын деп тілеймін. Мемлекет басшысына еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқаны үшін зор алғысымды білдіремін». -
«Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің үңгілеушісі Ербол Есетов:
«Тау-кен өндірісіне 1996 жылы келдім. 28 жыл бойы осы саладамын. Бүгін еңбегіміз еленіп, мемлекеттік марапат алғаныма қуаныштымын». -
«Qarmet» АҚ Көмір департаментінің өндіріс жөніндегі директоры Төлеген Шаяхметов:
«Көмір өнеркәсібінде 40 жылдан астам еңбек еттім. Салада қауіпсіздік пен қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жетістіктер – бүкіл ұжымның еңбегінің нәтижесі».
Мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар кеншілердің қажырлы еңбегіне, төзімділігіне және өндіріс саласына қосқан зор үлесіне берілді.





