Шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес маусымына дайындық аясында ұшқышсыз ұшу аппараттары паркін әзірлеу жұмыстары толық аяқталды. Биыл ауыл шаруашылығы алқаптарын нүктелік әдіспен химиялық өңдеу үшін 46 агродронды пайдалану жоспарланған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Дала төсін дүбірге бөлейтін үйірлі шегірткелердің таралу аймағы кең. Олар шөлейт белдеулерді, тау етектерін, өзен аңғарларын мекендеп, ауыл шаруашылығы алқаптарына елеулі қатер төндіреді. Мұндай күрделі географиялық өңірлерде жерүсті техникаларын қолдану әрдайым мүмкін бола бермейді. Осы ретте заманауи технологияның мүмкіндігі алға шығып, ұшқышсыз ұшу аппараттары зиянкес ошақтарын жедел айқындаудың тиімді құралына айналып отыр. Дрондардың көмегімен жүргізілетін бақылау жұмыстары уақыт үнемдеп қана қоймай, зерттелетін аумақтардың ауқымын едәуір кеңейтеді.
Маусымға әзірлік аясында сала мамандары техникалық жабдықтардың жағдайын жан-жақты сараптан өткізді. Әсіресе ұшу қауіпсіздігі, химиялық бүрку жүйелерінің өнімділігі мен басқару тетіктерінің сенімділігі жіті назарда болды. Бұл алдағы науқанның нәтижелілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы алқаптарын қадағалаумен айналысатын «Фитосанитариялық қауіпсіздік және болжамдар әдістемелік орталығы» РМК-ның материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайды. Мәселен, өткен кезеңде орталық 2024 жылдың соңында алынған жеті дронды іске қосса, 2025 жылдың желтоқсанында қосымша елу заманауи құрылғымен толықты.
Осылайша, бүгінгі таңда 57 ұшқышсыз аппаратты жүйелі пайдалану маусымға дайындық деңгейін жаңа сатыға көтеріп отыр. Бұл өз кезегінде фитосанитариялық қатерлерге дер кезінде әрекет етіп, егін алқаптарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.





