Қазір егістік алқаптары мен өсімдіктерді шегіртке тектес зиянкестерден қорғау мақсатында оларға қарсы күрес жұмыстары жүргізіліп, ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Осының арқасында облыс көлемінде ауылшаруашылығы егістіктері мен шабындықтар және жайылымдық жерлер шегіртке тектес зиянкестерден зардап шеккен жоқ.
Бұл туралы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Жетісу облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Саят Сақмолдин айтты. Саят Сарқытбайұлының сөзінше, Жетісу жерінде азиялық шегіртке, итальяндық прус және үйірсіз саяқ шегірткелер кең таралған. Биыл шегіртке тектес зиянкестерге қарсы 109, 416 мың гектар жерге химиялық өңдеу жұмысын жүргізу жоспарланған, оның 13,930 мың гектары азиялық шегіртке, 58,978 мың гектары итальяндық прус, мұның сыртында жергілікті бюджет есебінен бөлінген 165,3 миллион теңгеге барлығы 36,508 мың гектар алқапта үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы жұмыс жүргізілген.
Ал «Авиасила» ЖШС 4 ұшақпен 42,046 мың гектарға жер үсті бүрку тәсілімен, «Защита растений — К» ЖШС 15,431 мың гектарға 7 жер үсті бүріккіш және «Бағжан» жеке кәсіпкерлігі 15,431 мың гектарға 7 жер үсті бүріккіш техникаларымен жұмыс атқарып, химиялық өңдеу жүргізуде. Сонымен бірге «Алматы облыстық санитарлық ветеринарлық-залалсыздандыру жасағы» ЖШС 3 бірлік жер үсті бүріккіш техникаларымен, «Авиасила» ЖШС ауыл шаруашылығы 3 әуе ұшақтарымен саяқ шегірткелерге қарсы іс-шаралар жүргізуде. Облыстағы ауыл шаруашылығына зиянкестің ең қауіптісі – шегіртке тектес зиянкестер (азиялық шегіртке және итальяндық прус).
Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының басшысы Бақберген Атантаевтың пікірінше, шегірткенің жаппай таралып, ауыл шаруашылығы жерлеріне айтарлықтай зиян келтіруі көптеген жағдайға байланысты. Мәселен, көп жылдық талдау негізінде, даму ерекшеліктеріне (цикл) байланысты шегіртке тектес зиянкестердің жаппай таралуы әр 10-12 жыл ішінде байқалады. Сол кезең қазіргі уақытқа келіп тұр. Сондықтан, қаншалықты қиын жағдай қалыптасса да, ауыл шаруашылығы жерлерін шегіртке тектес зиянкестерден қорғап қалуға барлық қарекет жасалуда.
Бүгінде облыс бойынша жоспарланған 109,416 мың гектардың 99 пайызы өңделді. Оның 36,508 мың гектары саяқ шегіртке, 58,978 мың гектары италяндық прусқа, 12,710 мың гектары азиялық шегірткеге қарсы.
Бүгінгі таңда облыс әкімінің өкіміне сәйкес бекітілген іс-шаралар жоспары бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес шараларын жүргізуде белсенділік танытылып, қомақты үлес қосуда.
А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ





