Табиғаты көркем, шежіресі бай Панфилов ауданында таудың етегінде қоныстанған бір ауыл бар. Ол – Басқұншы ауылы. Атауы да әдемі, тарихы да бай ауыл өзгелерден ерекше. Басқұншы – қарапайым ғана ауыл емес, ел шебін қырағы күзетіп келетін шекара бөлімшесінің мекені.
Ауыл тарихы тереңде жатыр. 1888 жылы бұл өңірде қазақтардың қоныстануымен Николаевский (Баш-кунчан) атауымен алғашқы елді мекен құрылған. Кейіннен бұл атау «Басқұншы» болып өзгертіліп, халық арасында «басқыншыларға қарсы тұрған мекен» деген мағынамен айтылып жүр. Расымен де, бұл атауда ерлік пен ел қорғаған рухтың сарыны бар.
Ауылдың тыныштығы мен шекара шебінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келе жатқан басты «Басқұншы» алғаш рет 1934 жылы шекаралық бекет ретінде құрылып, 1974 жылдан бастап застава, кейінірек шекара бөлімшесі болып қайта өзгерді. Мұндағы сарбаздар тек әскери міндетін атқарумен шектелмей, ауылдың мәдени, қоғамдық өміріне де белсене араласады. Мәселен шекарашылар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ауыл тұрғындарына арналған ескерткіш орнатуға мұрындық болған. Сондай-ақ, мереке сайын әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіп, мектеп оқушыларына қажетті құрал-жабдықтар алып береді. «Шекарашының жас досы» үйірмесі бөлімшенің тағы бір мақтанышы. Оған Крылов атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатысады. Жалпы саны елуге жуық оқушыны қамтитын бұл бастама жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде.
Осы жылдың алғашқы жартысында жиырмаға жуық азамат шекара заңдылығын бұзған. Бұл шекараның қырағы бақылауда екенінің бір дәлелі. Былтыр «Дабыл тобының» шекара күзеті құрамында қызмет атқарған лейтенант М. Манасов, кіші сержант Р. Дүкембаев, ефрейторлар Д. Жанахметов пен Т. Бакиев, қатардағы жауынгер Д. Зайтақан көрші елмен екі ортадағы мемлекеттік шекараны заңсыз бұзып өтпек болған азаматты ұстаған. «Басқұншы» шекара бөлімшесінің бүгінгі жетістігі – оның басшылық құрамының жүйелі жұмысы мен әскери тәртіптің беріктігінің нәтижесі. 2002 жылдан бері оннан астам маман бұл бөлімшеге басшылық еткен. Олардың әрқайсысы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өзіндік үлес қосып, бөлімшенің дамуына қызмет етті. Қазіргі кезде капитан Ернат Беріков басшылық етіп келеді.
Осынау киелі мекеннің әрбір сай-саласы, әрбір көшесі батырлық пен елжандылықтың үнсіз куәсіндей. Шекара шебінде сап түзеген жауынгерлер – ел іргесінің мызғымауына қалқан болған ар-намыстың, парыздың көрінісі.
Айдар ҚАЛИЕВ





