Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, дене шынықтыру және спорт басқармасының, Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің қолдауымен өткізілген турнир 3 күн бойы «Жастар» спорт кешенінің бильярд залында және «Аристократ» бильярд клубында жалғасты. Көршілес Қырғыз елінен және еліміздің өңірлерінен келген бильярдшылар командалық және жекелей бақ сынасты. Атап айтқанда, Алматы қаласынан «Алатау Алматы», «Корона», Шымкент қаласынан «Тұран», Түркістан қаласынан «Ордабасы», Тараз қаласынан «Әулие Ата», Талдықорған қаласынан «Жетісу», «Жетісу 2», «Жерұйық» және Қырғызстанның Бішкек қаласынан «Манас», «Ала Тоо» командалары өзара жеребе тарту арқылы шын шеберді анықтады.
16 тасты «Мәскеу пирамидасы» үлгісімен шиырған шеберлердің үздіктерін анықтаған жарыстың бас төрешісі Ахметсапа Шалқыбаев әрбір ойынды мұқият қадағалап, тастаяқты жетік меңгерген жанның шеберлігін әділ бағалады. Ақырында командалық есепте жүлделі І орынды «Алатау Алматы» (Алматы қ.) командасы еншілесе, ІІ орынды «Манас» (Бішкек қ.) командасы жеңіп алды. Ал ІІІ орынды «Корона» (Алматы қ.) және «Тұран» (Шымкент қ.) командалары тең бөлісті. Жекелей есеп бойынша төрешілер талдықорғандық Бақберген Қасымбаевты І орынға, бішкектік Идрисбек Кенжаевты ІІ орынға, жетісулық Павел Цой мен тараздық Евгений Тёні ІІІ орынға лайық деп таныды. Жүлдегерлердің бәрі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Жарысты ұйымдастыруға мұрындық болған «Жетісу облысының бильярд спорты федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Тоқтар Есімовтың айтуынша, халық-аралық турнир лайықты деңгейде өтіп, шын шеберлерді анықтауға мүмкіндік беріпті.
– Ұйымдастырушылардың қатарында турнирге демеушілік жасаған Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбековке ерекше ризашылық білдіргім келеді. Себебі, зейнеткерлердің қоғам өміріне белсенді араласып, саламатты өмір салты ұстануына ең алдымен серпін беріп, құлшындыру керек-ақ. Сол тұрғыдан алғанда турнирге қаржылай әрі рухани демеу жасаған жанның жақсылығын айту парыз деп есептеймін. Сондықтан Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі өзге ұйымдарға үлгі бола алады. Шыны керек, жасы 63-тен асып кеткен жандар қоғамның дұрыс жолмен жүруіне ықпал етіп, өскелең ұрпақтың санасын тәрбиелеуге септігін тигізеді. Меніңше бұдан артық жақсылық болмайды, – деген Тоқтар Есімұлы халықаралық турнир алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтады.
«Jetіsý-ақпарат»





