Талдықорған төрінде алғаш рет «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Сұлулық әлемді құтқарады» атты суретшілердің халықаралық симпозиумының шымылдығы түрілді. Оған әлемнің әр аймағынан таланттылар жиылып, бейнелеу өнеріне қатысты ойларын ортаға салып, тәжірибе алмасты.
Төрт күндік шараның ашылуы Салтанат сарайында өтіп, «Ұлттық бірегейлікті сақтау: ұлттық код, ұлттық мәдениет» тақырыбында конференция жұмысымен өрбіді. Симпозиумға Әзірбайжан, Ресей, Түркия, Қытай, Тәжікстан, Қырғызтан, Өзбекстан және республиканың басқа да аймақтарынан 25 суретші қатысты. Алыстан келген қонақтарға алғысын айтқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев:
– Өнер – халық тарихының шежіресі. Сөз, әуен, қолөнер, бейнелеу өнері адам өмірінің сан ғасырлық тарихынан көптеген нәрсе көрсетіп, алуан түрлі сыр шертеді. Кез келген қоғамның тарихи дамуы мен өркендеуі сол елдің өнері мен мәдениетіне тікелей байланысты. Оған дүние жүзіне кеңінен танымал, бір топ туындыларымен өз Отанын әлемге паш еткен Леонардо да Винчи, Микеланджело, Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, Айша Ғалымбаева сынды тұлғалардың туындылары куә, – деп ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді өскелең ұрпаққа аманат етіп жеткізу барлығының азаматтық борышы екендігін тілге тиек етті.
Өз кезегінде сөз алған Түркия мемлекетінің суретшісі, «ТҮРІКСОЙ» халықаралық ұйымының бөлім басшысы Мехмет Мүләзімоғлы Жетісу жерінің сұлулығына тоқталып, алып келген сыйлығын табыстады. Ал ҚР Көркемсурет академиясының вице-президенті, ҚР Суретшілер одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы Ермұхан Жүнісхан «Әлемдік кеңістіктегі бейнелеу өнері» тақырыбында баяндама оқыды. Әрмен қарай арнайы шақырылған қонақтар лебізін білдіріп, сурет салу өнерінің жай-күйіне тоқталды.
Шара аясында Көркемөнер галереясына, М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейіне және І.Жансүгіров әдеби мемориалдық музейіне экскурсия жасалды.
Симпозиумының екінші күні қылқалам шеберлері Талдықорған қаласының көрікті жерлерін бейнеледі. Үшінші күні Оқушылар сарайында шеберлік сағатын жүргізгеннен кейін Талдықорған қаласының көрікті жерлерімен танысты. Соңғы күн шетелдік суретшілердің қатысуымен Журналистер үйінде баспасөз мәслихаты мен Оқушылар сарайында симпозиумның салтанатты жабылуы, пленэрлік жұмыстардың көрмесі, халықаралық сертификаттар тапсыру рәсімімен есте қалды.
Осылайша, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Көркемөнер галереясы» МКҚК, ҚР Суретшілер одағының Алматы облыстық филиалы ұйымдастырған симпозиум суретшілердің тәжірибе алмасуына, осынау өнердің келешегіне, жас өнерпаздардың шыңдалуына үлкен ықпал етті.
Мәулен ӘНЕРБАЙ
Суретті түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ





