Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда әскери міндеттілерге арналған арнайы басқосу өтуде. Осы орайда 9 қала мен аудандардан жиналған 150—ге жуық азамат 10 күн бойы әскери мамандық пен жалпы әскери пәндер бойынша теориялық және практикалық сабақтарды меңгермек.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, жиын Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес Жетісу облысы әкімінің қаулысы бойынша ұйымдастырылған. Қатысушылар қазір әскери киім-кешек және қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, Талдықорған қаласындағы колледжердің біріне ораластырылған. Ал, жиын кезеңінде әскери міндеттілердің жұмыс орны, атқаратын лауазымы сақталады. Әрі оларға республикалық бюджеттен орташа айлық жалақы да төленеді. Жиынның алғашқы аптасында әскери міндеттілерге қауіпсіздік шаралары бойынша сабақтар өткізіледі. Осыдан соң өздерінің мамандықтарына қарай бөлімшелерге бөлініп, әскери-патриоттық тәрбие сағаттарына ден қойылмақ. Онда Отан алдындағы борышты өтеу және жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарау аясында жауынгерлік даярлықтардан өту бойынша қарудан оқ ату сынды машықтар бар.
– «Әскери адам әлемде болып жатқан барлық ахуалдан хабардар болып, түрлі қауіп-қатерге қарсы тұруға әрдайым сақадай сай болуы қажет. Басқа мамандықты игеру — екінші білім алумен тең. Дегенмен әскери міндеттілерді он күн ішінде өзге мамандыққа қайта даярлау — бүгінгі заман талабы», – дейді полковник Бағлан Шегебаев.
Сала жауаптыларының сөзінше, әскери қызмет- маңызды міндет. Бұл жиынға қатысушылардың барлығы да бұған дейін Отан алдындағы әскери борышын өтегендер. Олар он күн ішінде өздерінің әскери мамандығына сай теориялық және практикалық сабақтарды меңгерулері тиіс. Мұнда практикалық даярлыққа баса назар аударылады.
Айдын КӘЛІМХАН





