Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, Жетісу өңіріндегі көзі тірі қалған жалғыз майдангер Ысқақ Құсайынов 102 жасқа толды. Ғасырдан асқан ақсақалға құрмет көрсету – ерлік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.
Мерейтой иесіне ҚР Қорғаныс министрінің атынан арнайы Алғыс хат табысталып, жылы лебіз мен ізгі тілек айтылды. Құттықтау шарасына Жетісу гарнизонының әскери қызметшілері, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жеке құрамы, Қарулы Күштерінің ардагерлері, мектеп оқушылары және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері қатысты.
Жас ұрпақ өкілдері майдангерге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар ұсынып, құрмет көрсетті. Шара барысында ардагермен естелік суретке түсіп, оның өнегелі өмір жолына тағзым жасалды. Өз кезегінде Ысқақ Әбілпейісұлы көрсетілген ілтипатқа алғыс білдіріп, жиналған қауымға ақ бата берді. Келген қонақтар арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Жылы жүздесу рухани мәнге ие болып, қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен, ақсақалдың батасын алып тарқасты.
Ысқақ Әбілпейісұлы 1924 жылғы 14 қаңтарда Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Көлбай ауылында дүниеге келген. 1942 жылы небәрі 18 жасында өз еркімен әскер қатарына алынып, Амур әскери теңіз флотында әскери борышын өтейді. Қайсарлығы мен ептілігінің арқасында Амур әскери теңіз флотының «Зенит» дивизиясы құрамында қызмет атқарып, 1943 жылы «Отличник военно-морского флота» атағына ие болады. Соғыс кезіндегі ерлігі үшін Ысқақ Құсайынов бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Еңбек Ері» медалімен, «Тынық мұхиты флотының ардагері» медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Кеңес Одағының маршалы Георгий Жуков атындағы медальмен және өзге де төсбелгілермен марапатталған.
Жетісу гарнизонының баспасөз қызметі





