Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстан онсыз да жапа шеккен Газа тұрғындарының басына жаңа сынақ түсті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Екі күнге созылған жойқын құмды дауыл мыңдаған палестиналық отбасы пана еткен уақытша шатырлы лагерьлерді зақымдап, анклавтағы гуманитарлық дағдарысты одан әрі ушықтырды.
Палестиналық WAFA ақпарат агенттігінің мәліметінше, қою шаң мен аспанға көтерілген құм бүкіл аймақты басып қалған. Қатты желдің әсерінен тозығы жеткен шатырлар жыртылып, халық ашық аспан астында қалуға мәжбүр. Әсіресе, созылмалы өкпе ауруы мен респираторлық дертке шалдыққан азаматтар үшін бұл жағдай өмірлеріне тікелей қауіп төндіріп отыр. Таза ауаның тапшылығы мен шаң-тозаңның көптігі науқастардың халін нашарлатып жіберді.
Қазіргі таңда Газа тұрғындары үшін азық-түлік, дәрі-дәрмек және бірінші кезекте қажетті заттардың тапшылығы басты мәселе болып қалуда. Күн райының суытуы мен қолайсыз климаттық жағдайлар босқындардың тұрмысын мүлдем жүдетіп жіберді. Сонымен қатар ХАМАС өкілдері Израиль тарапын Бейбітшілік кеңесінің отырысы қарсаңында қоныс аударған палестиналықтарға қарсы жаңа шабуылдар жасады деп айыптап, келісімдердің өрескел бұзылғанын мәлімдеді. Халықаралық қауымдастық аймақтағы әлеуметтік және экологиялық апаттың салдарымен күресуге тырысқанымен, саяси тұрақсыздық көмек жеткізу процесін қиындатып жатыр.





