Қазақстан Солтүстік Аралды қалпына келтіру және Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау бағытындағы жұмыстарды күшейтті. Үкіметтің мәліметінше, бүгінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,4 млрд текше метрге жеткен, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Салыстырсақ, 2022 жылы теңіздегі су көлемі 19 млрд текше метр болса, 2023 жылы 21 млрд, 2024 жылы 22 млрд текше метрді құраған. 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 23 млрд текше метрге жетті. Ал 2026 жылдың басынан бері теңізге Сырдария арқылы шамамен 1,5 млрд текше метр су жіберілген.
Үкіметтің дерегіне сәйкес, соңғы 20 жылдан астам уақытта Солтүстік Аралдың аумағы 36 пайызға ұлғайып, су көлемі екі есеге жуық артқан. Сонымен қатар судың минералдану деңгейі екі есе төмендеген. Бұл су айдынындағы тірі организмдер мен экожүйенің қалпына келуіне оң әсер етіп отыр.
Жұмыстың келесі кезеңінде Көкарал бөгетін реконструкциялау жоспарланған. Жоба аясында алдағы 5-6 жылда Солтүстік Аралдың су көлемін 34 млрд текше метрге дейін жеткізу көзделіп отыр. Су айдынының аумағын 3,9 мың шаршы километрге дейін ұлғайту да жоспарланған.
Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал–Сырдария бассейнінде ирригациялық жүйелерді жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жоба іске асырылмақ. Үнемделген су көлемінің бір бөлігін Солтүстік Аралға бағыттау көзделген.
Аралдың құрғаған табанындағы жұмыстар да жалғасып жатыр. Бүгінде орман-мелиорациялық жұмыстардың көлемі 1,1 млн гектарға жетіп, 56,2 млн сексеуіл көшеті отырғызылған. Алдағы уақытта сексеуіл алқаптарының аумағын 1-1,5 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Қазақстан Каспий теңізін сақтау бойынша да мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуге дайындық жүргізіп жатыр. Негізгі бағыттардың қатарында теңіз деңгейінің төмендеуін зерттеу, биоалуантүрлілікті сақтау, ластануға қарсы күрес және су ресурстары жөніндегі деректер алмасуды жетілдіру бар.





