Өз сөзінде Арал теңізін қайта қалпына келтіру бағытында атқарылған шараларға тоқталып, Каспий теңізінің тартыла бастауына алаңдаушылық білдірген Президент:
– Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізі қалыптасты: Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылды. Бірақ мұнымен шектелмей, жүйелі әрі жан-жақты жұмыс жүргізу қажет. Кәсіби кадрларды даярлап, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу маңызды, – деп аса күрделі мәселеге тоқталды. Шынында Президент айтқандай, еліміздегі су ресурстарының нақты көлемі жөнінде толық мәлімет жоқтың қасы. Кей өңірлерде судың 50-60 пайызы ысырап болып жатыр. Суды есепке алу технологиясының тозығы жеткен, бөлу және тарату орындарында құрылғылар ескірген. Осылай деген Мемлекет басшысы халықты ауызсумен және егістікті суару мәселелерін аяқсыз қалдырмауды ерекше атап өтті.
Президентті мұқият тыңдай отырып, негізгі шұғылданатын кәсібім су шаруашылығы болғандықтан көктемгі, жазғы егін суару науқаны кезіндегі тауқыметтерді еске алдым. Өкініштісі, жылдан жылға Жаркент өңіріндегі өзен сулары азайып барады. Соған байланысты шаруалар егін егіп, дақыл баптайтын кезеңде су бөлуде көптеген қиындыққа тап боламыз. Өйткені шаруа қожалықтарына тиесілі егістіктердің бәрін қажетті мол сумен толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Күн-түн демей судың көзін күзетіп, шаруалардың әрқайсысына кезекпен су беретін мұраптар егілген өнімнің қанық суарылып, уақытымен өсіп-жетілуі үшін көп күш жұмсайды. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Соған қарамастан аудан диқандарының судан тарықпауына үлес қосып келеміз.
Біздің Тышқан су бөлу бөлімшесінде 19 мұрап еңбек етіп, жаз бойы 6 мың гектарға жуық егін алқабын сумен қамтамасыз етеді. Тышқан өзенінің бойында 10 миллион текше метр су сақтайтын қойма салынады деген хабарды естіп қуанып жүрміз. Ақжолтай жаңалық уақытында орындалып, су қоймасы салынса ауа райын аңдып, таудан келетін қар суына қарап отырмай, егіншілерге қажетінше су бөлу мүмкіндігіне ие болар едік. Президенттің биылғы Жолдауында осы мәселеге ерекше мән берілуі үмітімізді үкілегендей оятып, тіршіліктің тірегіне жан кіргізгендей әсер етті. Себебі, сусыз тіршіліктің сәні де, мәні де болмайды.
Тоқтасын САТЫПАЛДИЕВ
«Қазсушар» мекемесінің Тышқан су бөлу бөлімшесінің басшысы





