Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларының арқасында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есе жеделдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында маңызды өзгерістер орын алуда. Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа қолдау тетіктері су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптардың жыл сайынғы өсімін 150 мың гектарға дейін жеткізуге жағдай жасады. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асқан қадамдар еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2024 жылға дейін заманауи суару жүйелерін енгізу қарқыны жылына орта есеппен небәрі 30 мың гектар шамасында еді. Бүгінде республика бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылатын жалпы аумақ 543,5 мың гектарға жетті. Мұндай нәтижеге жету үшін үкімет тарапынан бірнеше пәрменді шешім қабылданды. Атап айтсақ, ұңғыма бұрғылау, қажетті инфрақұрылым жүргізу және заманауи жабдық сатып алу шығындарын мемлекет тарапынан өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар суармалы суға арнайы сараланған тарифтер енгізілді. Алдағы үш жылда үнемдеу жүйелерін пайдаланатын шаруалар үшін суармалы судың құнын субсидиялау көлемі 50%-дан 85%-ға дейін артты. Қаржыландыру мәселесі де назардан тыс қалмады: 2026-2028 жылдарға арналған қаражат көлемі алдыңғы кезеңмен салыстырғанда төрт есеге көбейді.
Саланың даму болашағына қатысты Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов:
«2030 жылға қарай су үнемдеу жүйелері қолданылатын суармалы алқап көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл технологиялар суару суын 30%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Су ресурстары және ирригация министрлігі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы ең үздік қолжетімді технологиялар тізімін әзірледі. Оған озық суару жүйелері де енгізілген», – деп атап өтті.
Аталған шаралар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің шығынын азайтып, озық технологияларды батыл енгізуге жол ашады. Суды тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты талабы.





