Шілде айының соңы диқандар үшін ең жауапты кезең. Дәл осы уақытта жүгері, қант қызылшасы, соя, арпа, сұлы, жоңышқа және бақша дақылдарының өнімділігі суармалы судың уақытылы жеткізілуіне тікелей байланысты. Аймақтағы суару науқанының жай-күйімен танысу үшін Талдықорған қаласынан шығысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан «Алмалы» су қоймасына ат басын бұрдық.
1976 жылы салынып, бір жылдан кейін пайдалануға берілген су қоймасы бүгінде «Қазсушар» РМК Ескелді өндірістік учаскесінің маңызды гидротехникалық нысандарының бірі саналады. Су қоймасының жалпы сыйымдылығы – 5,5 миллион текше метр, ал пайдалы көлемі – 5,05 миллион текше метр.
Нысанда жұмыс таңсәріден басталады. Бірінші санатты инженер-гидротехник Шалқар Жүнісов пен тәжірибелі маман Жұбаныш Шындықұлов күн сайын бөгетті, су тастау құрылыстарын және магистральдық арнаны бақылаудан өткізеді. Әр суару маусымы алдында бөгет еңістері нығайтылып, жердің шөгуі қалпына келтіріледі, баспалдақтар мен металл конструкциялар жөнделіп, гидротехникалық жабдықтар жаңартылады.
– Біздің міндет – суды жинақтап қана қоймай, оны алқаптарға ысырапсыз жеткізу. Сондықтан су деңгейі мен гидротехникалық нысандардың жағдайы күн сайын қатаң бақылауда болады. Суару маусымы қалыпты режимде өтуде, – дейді инженер-гидротехник Шалқар Жүнісов.
Бүгінде Алмалы су қоймасынан 23 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші су алады. Биыл 223 гектар егістік алқабын суаруға келісімшарттар жасалған. Ескелді өндірістік учаскесі басшысының орынбасары Шыңғыс Мұқатовтың айтуынша, магистральдық арнада қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатса да шаруаларға су жеткізу тоқтаған емес.
– Биыл су қоймасына 3,8 миллион текше метр су жиналды. Қазіргі таңда оның ішінде 2,184 миллион текше метр су бар. Бұл көлем барлық су пайдаланушы алдындағы міндеттемелерді толық орындауға жеткілікті. Басты мақсатымыз – суару маусымының ең жауапты кезеңінде су тапшылығына жол бермеу, – дейді ол.
Алмалы магистральдық каналы бүгінде кешенді жаңғыртудан өтуде. «Гидроқұрылыс» мердігер ұйымы ұзындығы 2,6 шақырым болатын учаскеде темір-бетон науаларды толық ауыстыруда. Қазіргі уақытта алғашқы бір шақырымдағы жұмыстар аяқталған. Жобаға 7 жұмысшы мен 5 арнайы техника жұмылдырылған. Жаңа науалар сүзгілік шығындарды азайтып, суды егістікке шығынсыз жеткізуге мүмкіндік береді.
Шаруашылықішілік және шаруашылықаралық суару желілерін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Бұл жобаны жүзеге асырып жатқан «Гидролайф» компаниясы мамандары құрылысқа биыл мамыр айында кіріскен. Қазірдің өзінде 160-тан астам темір-бетон науа төселіп, 400-ге жуық тіреу орнатылған. Екі шақырымнан астам желі салынды. Жыл соңына дейін жоба толық аяқталады деп жоспарлануда.
Жаңғырту жұмыстарының нәтижесін ең алдымен шаруалардың өзі сезінуде. Шаруашылықтардың бірінде сушы болып еңбек ететін Жаңанұр Қыдырғали қазіргі уақытта екінші суару кезеңі жүріп жатқанын айтады.
– Су уақытылы әрі қажетті көлемде келеді. Ешқандай кідіріс жоқ. Егер ауа райы қолайлы болса, биыл мол өнім аламыз деген үміттеміз, – дейді ол.
Мамандардың бағалауынша, қайта жаңғырту аяқталған соң суару жүйесінің тиімділігі айтарлықтай артады. Қазір су қоймасы 312 гектар алқапты сумен қамтып отырса, алдағы уақытта оның әлеуеті суармалы жер көлемін 600 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл аймақтағы ауыл шаруашылығының дамуына және егіс алқаптарының кеңеюіне тың серпін сыйламақ.
Сарби ӘЙТЕНОВА





