Жетісу облысында сүт өнімдерін сатудағы баға мен шарттардың әртүрлілігіне қатысты түйткілді мәселе шешімін тапты. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті нарықтағы адал бәсекелестік қағидаларын сақтау мақсатында жүргізген талдау нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптардың тең еместігін анықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Талдау барысында «Жетісу сүт» ЖШС-нің қызметі тексерілді. Нәтижесінде компания сүт өнімдерін көтерме саудада өткізу кезінде жекелеген сатып алушыларға әртүрлі шарттар қойғаны мәлім болды. Мәселен, өнім бағасының өзгеруі жайлы хабарлау мерзімі мен оған өтінім беру уақыты әрбір тұтынушы үшін жеке-дара емес, негізсіз түрде әртүрлі белгіленген.
Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес, бизнес субъектілері нарықта тең дәрежелі шарттарды ұсынуға міндетті. Объективті негізсіз, яғни экономикалық себептермен расталмаған мұндай айырмашылықтар нарықтағы адал бәсекелестікке кедергі келтіреді.
Аталған кемшіліктерді жою үшін Департамент «Жетісу сүт» серіктестігіне арнайы хабарлама жолдады. Нәтижесінде компания шарттарды заңнама талаптарына сәйкестендірді. Қазіргі кезде сүт өнімдерін сату барысында барлық тұтынушы үшін бірыңғай талаптар қолданылады.
Мұндай шаралар тұтынушылардың құқығын қорғап қана қоймай, өңірдегі кәсіпкерлер арасындағы адал бәсекелестікті дамытуға септігін тигізеді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары болашақта да нарықтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Егер сіз де кәсіпкерлік қызметте немесе сауда нарығында заңсыз талаптарға тап болсаңыз, тиісті органдарға хабарласып, өз құқығыңызды қорғауға мүмкіндігіңіз бар.





