Дәрілік шөптер халық медицинасында ежелден қолданылады. Әрбір өсімдіктің өзіндік қасиеті мен пайдасы бар.
Түймедақ – тыныштандыратын әсер береді. Жөке гүлдері суық тигенде, жалбыз ас қорытуды жақсартады. Сарқандық Елена Бричковская дәрілік шөптерді жинап, табиғат берген байлықты тиімді пайдаланып, көптің денсаулығын жақсартуға көмектесіп жүр. Бұл кәсіпті емші Лена әжесінен үйренген. Қазір де адам ағзасы сыр бергенде шөпті қалай пайдалану керектігін жақсы біледі. Бірақ, «заманауи мамандық меңгеру керек» деген оймен оқуға барды. Кейіннен оқу бітіріп, шаштараз мамандығын алған. Алайда жүрек қалауы басқа екенін сезгеннен кейін қайтадан өз жолын іздейді. Сөйтіп Сарқан қаласынан «Дары природы» деген шаруа қожалығын құрады. Қазіргі таңда шаруашылық 10 гектар жерді игеріп, дәрілік шөп егіп, жинап, кептіріп, қаптап, Алматы қаласындағы «Компания Тес», «Ева-фарм», «Дәулет-фарм», «Қызыл-май» сынды компанияларға өткізуде. Осы кәсіп арқылы төрт отбасын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Еленаның 2 баласы бар. Үлкен ұлы Богдан жүк көлігінің жүргізушісі. Қолы бос кезде анасының бір жағына шығысады. Глеб – мектеп оқушысы. Ол кәсіпкерлікке көмектесіп, цехта жұмыс істеуді меңгерген. Кейіпкеріміздің айтуынша, дәрілік шөпті дайындау кез келген адамның қолынан келмейді. Дертке дауа эхинацея, топинамбур, жалбыз, мелисса сынды дәрілік шөптерді өсіріп, жинаудың уақытын шатастырмау керек. Еленаның айтуынша, адамдар әртүрлі қаладан хабарласып, тапсырыс береді. Кәсіпкердің жоспары көлемді цех ашып, «Иван-шай», «Қарақат жапырақтарын» өңдеп, науқастардың денсаулығына қуат беру. Ол қазір кәсібін интернет арқылы жүргізіп отыр.
Жақсылық ИГІМАН
Фото: Shutterstock





