Жетісу облысында табиғатты қорғау полициясы Қаратал және Балықты өзендерінің бойында экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы бақылауды күшейтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Өңірдегі су арналары мен табиғи ресурстарды сақтау бағытында кешенді іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өзен жағалауларында заңсыз өндірістік жұмыстар жүргізу экологиялық тепе-теңдікті бұзып, өзен арналарының өзгеруіне әрі су ресурстарының ластануына әкеп соғады. Осы ретте құқық қорғау органдары табиғи ортаны қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуде.
Жыл басынан бері жүргізілген рейдтік шаралардың нәтижесінде Қаратал өзені аумағында заңсыз жер қазу жұмыстарының 27 дерегі тіркелді. Жиналған материалдар тиісті уәкілетті органдарға жолданып, сараптау нәтижесі бойынша 25 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар заңсыз жұмыстарға пайдаланылған 3 тиегіш трактор анықталып, арнайы айып тұрағына қойылды. Табиғи ресурстарды сақтау мақсатында полиция қызметкерлері пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру мен тасымалдаудың алдын алуға бағытталған күнделікті рейдтік іс-шараларды белсенді жалғастырып жатыр.
Бұл мәселе тек құқық бұзушылықты жазалаумен шектелмейді. Өзен жағалауларын заңсыз қазу су тасқыны қаупін арттырып, жергілікті фауна мен флораға орасан зор зиян келтіреді. Сол себепті мемлекеттік органдар заңсыз қарьерлік өндірісті тоқтатып, өңірде табиғатты пайдаланудың ашық әрі заңды тетіктерін қалыптастыруға баса назар аударуда. Қоршаған ортаны қорғау полициясы тұрғындарға табиғат байлығын сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін ескертеді.
Жетісу өңірінің су ресурстары мен табиғи мұрасын сақтау аймақтың экологиялық тұрақтылығы мен болашақ ұрпақтың қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Жергілікті полиция мен экологиялық инспекцияның бірлескен әрекеттері өзен арналарының бұзылуына жол бермей, аймақтағы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған. Экологиялық құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіледі.





