Күн мен түн теңеліп, табиғат ана қайта түлейтін әз — Наурыз мейрамы қарсаңында халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Алайда, ақ түйенің қарны жарылатын бұл күні ас ішу мәдениеті мен тағам қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды. Мерекелік дастарқан улану орталығына айналмас үшін қандай шараларды ескеру қажет? Ботулизмнің қаупі қандай? Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы орынбасары Индира Күнбасова мәлімдеме жасады.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, 2025 жылы облыс бойынша ботулизмнің 1 жағдайы тіркеліп, 2 адам зардап шеккен. Бұл оқиғаға үйде дайындалған консервіленген тағам себеп болған. Ботулизм – жүйке жүйесін, соның ішінде жұлынды зақымдайтын өте ауыр инфекциялық ауру. Оның қоздырғышы Clostridium botulinum бактериясы тек оттегісіз ортада дамитындықтан, сапасыз жуылған көкөністен жасалған үй консервілері негізгі қауіп көзі.
Ботулотоксин – табиғаттағы өлімге әкелетін улы заттардың бірі. Ол жүйке қызметін тежеп, тыныс алу жүйесі мен бұлшықеттің салдануына әкеледі. Сондықтан біз тұрғындарға үйде саңырауқұлақ, ет, балық және көкшөпті консервілеуден бас тартуды ұсынамыз. Егер үй жағдайында дайындалған өнімді қолдансаңыз, оның қауіпсіздігіне 100 пайыз сенімді болуыңыз керек. Алғашқы белгілер – көз алды торлану, жұтынудың қиындауы немесе әлсіздік. Мұндай жағдай байқалса, дереу дәрігер шақыру қажет. Тек арнайы сарысуды уақтылы енгізу ғана адам өмірін сақтап қала алады, – дейді Индира Күнбасова.
Алаңда орнатылған киіз үйлер мен көшпелі сауда орындарында наурыз көже, бауырсақ, палау сынды ұлттық тағамдар жаппай ұсынылады. Осы орайда халыққа бірнеше маңызды кеңес бере кеткен жөн. Біріншіден, рұқсат етілмеген орындардан және көшеден үй жағдайында дайындалған консервілерді сатып алуға қатаң тыйым салынады. Екіншіден, кез келген өнімді аларда оның жасалған күніне, сақтау мерзіміне және қаптамасының бүтіндігіне назар аудару қажет. Сырттан тамақтанар алдында қолды тазалап жуу немесе антисептикалық салфеткаларды пайдалану – уланудан қорғанудың ең қарапайым әрі тиімді жолы екенін ұмытпаған абзал.
Мереке қарсаңында саудагерлерге де қатаң талап қойылып, арнайы ескертулер жасалуда. Бұл бағытта мамандар кәсіпкерлік нысандардың санитарлық талаптарға сай болуын жіті қадағаламақ. Спикер брифинг барысында бұл мәселеге ерекше тоқталып өтті:
Мерекелік сауданы ұйымдастырушы кәсіпкерлерге де қатаң талап қойылып отыр. Тағам піскен сәтінен бастап 3 сағаттың ішінде сатылуы тиіс. Өнімдерді тасымалдау кезінде термоконтейнерлерді пайдалану міндетті екенін ескертеміз. Сатушылардың медициналық кітапшасы, арнайы киімі болуы және тек бір реттік ыдыс-аяқты қолдануы қатаң бақыланады. Біздің мақсатымыз мерекеге тыйым салу емес, оның қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету. Кәсіпкерлер шикі өнімдер мен дайын тағамдарды бөлек ұстау технологиясын сақтауы қажет. Үйде дайындалған салаттар мен ісінген банкалардағы консервілерді сатуға жол жоқ. Мерекедегі әрбір азаматтың қырағылығы өзінің және жақындарының денсаулығына деген жауапкершілігі, – деп сөзін қорытындылады спикер.
Мақпал Әділханқызы





