Оқушылар сарайында Алматы облыстық білім басқармасының дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындығы және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығы мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті бірлесе отырып, білім беру мазмұнын жаңарту, тәжірибе алмасу мақсатында семинар-кеңес өткізді.
Семинарды ашқан І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және өнер факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ерлан Өтегенов өткен жылы жалпы білім беретін мектептерде Жаңартылған білім беру бағдарламасын кезең-кезеңімен енгізу аяқталғанын айта келіп, осы орайда жоғары оқу орындарын бітіріп, жұмыс атқарып жатқан мамандар талапқай сай келе ме деген сауалды алға тартты.
Жаңартылған мазмұн бойынша мұғалімдер даярлауда қандай мәселелерге мән беру керек, семинарға қатысушылар осы орайда пікірлерін білдірсе деген ұсынысын жеткізді. Білім сапасын арттырып, елімізге қажетті мамандар даярлауда мектеп, колледж, жоғары оқу орындары мәселелерді ынтымақтаса шешіп, ортақтаса жұмыс істеу қажеттігіне тоқталды.
Келесі кезекте сөз алған дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Нұрлан Есімов Жаңартылған бағдарлама негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, авторлық бағдарламалар да шығарылып жатқандығын айта келіп, бұл ретте Жетісу мемлекеттік университетімен алдағы уақытта да нәтижелі жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.
Бұдан соң университеттің дене шынықтыру және спорт, бастапқы әскери дайындық, музыкалық білім беру, көркем еңбек, графика және жобалау, дизайн мамандықтары бойынша модульдік білім беру бағдарламаларының жобалары таныстырылды.
Пленарлық отырыс соңында қатысушылардың модульдік білім беру бағдарламаларына қатысты ұсыныстары талқыланды. Одан ары семинар жұмысы секциялық бағытта жалғасын тапты.
Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ
Алматы облысы
Сурет ғаламтордан алынды





