Жетісу облысының орталығында қаланы түнгі жарық шамдармен қамту жұмыстары жалғауда. Осыған байланысты биыл Талдықорғанда жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуық 400-ден астам көшеге жаңа жарық желісі тартылса, келесі жылы тағы 98 көше жарықтандырылады деп жоспарлануда.
Жауаптылардың сөзінше, Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзілдің тапсырмасына сай аймақтағы жарыққа қосылмай қалып қалған көшелерді жарықтандыру ісі кезең-кезегімен жүргізілмек. Мәселен, қазіргі таңда қала орталығынан бөлек аймақтағы саяжайлар мен жаңадан бой түзеп келе жатқан шағын аудандарды түнгі жарықпен қамту жұмыстары қарқынды. Нақтырақ айтқанда, ағымдағы жылдың өзінде қала маңындағы 3-бөлімшеге 630 жарық шамы орнатылып аталған елдімекен толықтай жарықтандырылса, көп өтпей шаһардың оңтүстік батыс тұрғын үй алабындағы Еңбекші, Жетіген көшелеріне түнгі жарық тарту жұмыстары басталып, қараша айының соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде.
– «Бүгінде Талдықорған қаласына қарасты аумақтардағы көшелерді жарықтандыу жұмыстары жүйелі. Мұндай жұмыстар келер жылы да қолға алынып, қала бойынша 2 жобаны іске асыру көзделген. Қазір оған қажетті қаражатқа өтінім берілді. Егер тиісті қаражат бөлінген жағдайда 54,5 шақырым аумаққа электр желісі тартылып, тағы 98 көше түнгі жарыққа қосылмақ. Осы барыста қаланың Хутор аумағы және 10 саяжайдың орталық көшелері жарықтандырылатын болады», – деді Талдықорған шаһары басшысының орынбасары Қуаныш Сейтімбетов.
Айдын КӘЛІМХАН





