Талдықорғанда техникалық жөндеу қызметінің мас жұмысшысы көлікті айдап кеткен. Полицейлер күдіктіні ізін суытпай құрықтады.
Талдықорған қалалық полиция қызметкерлеріне облыс орталығының 45 жастағы тұрғыны «Лада гранта» маркалы жеке автокөлігінің бояу цехынан ұрланғанын хабарлаған.
Алматы облысы полиция департаментінің мәлімдеуінше, жедел топ оқиға орнына шұғыл жетіп, автокөлік бояушысының көмекшісі жұмыс орнында жоқ екенін анықтаған. Оны көлік ұрланғанға дейін цехта мас күйінде куәгерлер көрген, оның кілттерге қол жетімділігін ескере отырып, осы қылмысты жасауы мүмкін деген нұсқа жасалды. Бір-екі сағат өткен соң күдікті орта дәрежедегі мас күйінде ұрланған автокөлікпен вокзал маңында ұсталды.
Енді мас күйінде өзгенің темір тұлпарын мініп кетуді жақсы көретін құқық бұзушы көлік айдап кету және масаң күйде көлік басқару деректері бойынша қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Жәбірленуші қысқа уақыт ішінде көлікті арнайы тұрақтан қайтарып берген полиция қызметкерлеріне ұрланған көлікті тез тауып бергені үшін шексіз алғысын білдірді.
Осы дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігіне сәйкес «көлік құралын заңсыз иелену» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»
Сурет — ғаламтордан





