Бүгінде Жетісу облысында аймақ тазалығы басты күн тәртібінде.
Осыған байланысты Талдықорғанда қалалық жағажайларды лас қалдықтардан тазарту шарасы ұйымдастылып, 3 тоннадан астам қоқыс үйінділері шығарылды.
Мамандардың мәліметінше, жалпы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы іс-шаралар жыл бойына жалғасады. Тамыз айы бастала салысымен облыс орталығында 3 шақырым арық желілері, Балықты өзенінің жағалауы тазартылған. Аталған сенбілікке 500-ден астам адам, жүк тасымалдайтын және қоқыс тиейтін 6 техника тартылған. Шараға жастар ұйымдарының, қалалық мекемелер мен кәсіпорындары, пәтер иелері кооперативтері мен жеке кәсіп иелері атсалысқан. Осы орайда 3 шақырым арық желілесі аумағында бей-берекет жатқан тұмыстық қалдықтар жиналып, 75 тоннадан астам қоқыс шығарылған.
– «Ал, қалалық жағажай – Талдықорғандағы халық ең көп баратын көрнекті демалыс орындарының бірі. Маусым айында жұмыс бастаған жағажай жылына екі рет тазартылады. Бұл жолғы кешенді тазарту жұмыстарына 30-дан астам адам, 4 техника жұмылдырылып, аумақтан 3 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады », — дейді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Ақжан Төлеубай.
Айдын КӘЛІМХАН