Игілікті шарада сөз алған өңірдің бас имамы Керімбек Дәуітовтің айтуынша, әр мұсылман баласы үшін жасаған тарыдай жақсылықтың таудай сауабы бар. Ал «Мектепке жол» акциясының басты мақсаты – елдегі әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жан-жақты көмек көрсету. Осыған байланысты, Жетісу облысындағы мешіттерде бүгінгі күнге дейін 1350-ге жуық оқушы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, 160 балаға аяқ-киім, 50 оқушыға мектеп формасы үлестірілген.
– Мешіттерімізде жамағаттардың қол ұшын созуында бұрын да көптеген отбасына әр түрлі көмектер көрсетіліп келді. Бұл жолғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында мешіт жамағаттарынан жиналған қаражат есебінен 200 оқушыға оқу құралдары салынған сөмкелер табыс етілді. Көмек алғандардың қатарында аймақтағы «Ана жүрегі» мүгедектер бірлестігі, «Ерекше жандар» қоғамдық қоры, «Қазақ саңыраулар қоғамы» мүшелері мен басқа да көмеке мұқтаж жанұяның балалары бар. Мұндай шаралар бұдан былай да жалғаса беретін болады. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген. Бастысы біз әрбір жасөспірімнің алаңсыз білім алып, табысқа жетілуіне тілектеспіз,– деді бас имам Керімбек Сәрсембайұлы.
Шара соңында мешіт имамдары атсалысқан барша жанға алғыс айтып, балаларға қуаныш сыйлаған демеушілерге Алла Тағаладан береке тіледі.
Айдын КӘЛІМХАН





