Көшет егу іс-шарасына өңірдегі белсенді жастармен бірге қала әкімі Ернат Бәзіл де арнайы атсалысты.
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес соңғы екі жылда қаламыздағы тұқымбақтар қайта жандандырып жатыр. Бұл тұқымбақтарда өсірілген әрбір көшет бой алып өскен соң, қала аумағындағы саябақтар мен скверлерге, жол жиектеріне және көпқабатты үйлердің аулаларына егілетін болады. Қазір ағаш көшеттерін Алматы облысынан, сондай-ақ Сарқан және Алакөл аудандарындағы тұқымбақтардан алып отырмыз. Алдағы уақытта өзіміздің тұқымбақта өсірілген ағаштармен қаланы көркейтетін боламыз. Ол үшін барлық жағдай жасалған, – деді шаһар басшысы.
Жауаптылардың айтуынша, Еркін ауылындағы тұқымбақтың жалпы аумағы — 17 гектар. Онда 20 мыңға жуық ағаш көшетін өсіруге мүмкіндік бар. Бүгінде бақта басқа да ағаш түрлерімен бірге қылқан жапырақты ағаштардың 10-нан астам түрі өсірілуде. Бұл жолы тұқымбақтағы 1,7 гектар жерге егілген көшеттерді аймақтағы эко-белсенді Тимур Елеусізов, «KazEco Patrol Jetisu», «Алтын Адам» креатив орталығы, сондай-ақ «Милосердие» Жетісу облысының мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігі сыйға тартқан.
Еске сала кетсек, биыл көктем айында Жетісу облысының орталығында 2 мың, ал күзде 10 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған. Қазір қала аумағында күзгі көшет отырғызу жұмыстары басталды.
Айдын КӘЛІМХАН






