Талдықорған қаласындағы «Өркен» спорт кешенінде жастар арасында баскетболдан Қазақстан чемпионатының финалдық кезеңі өтуде.
22-28 қыркүйек аралығында еліміздің өңірлері мен қалаларынан келген жас баскетболшылар чемпиондық атақ үшін бақ сынауда.
Жетісу облысының қыздар құрамасы тек өңір спортшыларынан құралған жас команда. Осыған дейін 2 дүркін ел чемпионы атанған Жетісу қыздары биыл да чемпиондық атақты қорғауға нық қадам басып келеді.
Алғашқы ойынын Ақмола облысының құрамасына қарсы өткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ойын барысында қыздарымыздың алаңдағы өзара түсіністігі, жылдамдығы мен жеңіске деген жігері анық байқалды.
«Алғашқы ойыннан-ақ қыздардың дайындығы мен командалық рухы жақсы көрінді. Әрине, алда әлі талай тартысты ойын бар. Дегенмен, өз спортшыларымыздан құралған команданың алаңдағы ойыны қуантады. Қыздарымызға сәттілік тілейміз, басты мақсат чемпиондық атақты Жетісуда қалдыру», – деді Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Алуа Бауыржанқызы.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздарына «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы беріледі.





