Жетісу облысында жастарға психологиялық, медициналық және құқықтық кеңес беруге арналған жаңа орталық өз жұмысын бастады. Бұл орталық – жас буынға бағыт-бағдар беретін ашық алаң.
Мұнда кәсіби мамандар – психолог, нарколог және заңгер кеңес беріп, жастарға күнделікті өмірде кездесетін түрлі мәселелерді шешуге көмектеседі.
Фронт-офис қызметінің негізгі бағыттары:
-
құқықтық көмек көрсету;
-
психологиялық қолдау білдіру;
-
нашақорлықтың алдын алу жөнінде ақпарат тарату;
-
жастар арасында қауіпсіз әрі салауатты орта қалыптастыру.
Жоба Жетісу облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Саналы қоғам» қоғамдық қорының бастамасымен жүзеге асуда.
Ашылу салтанатына қоғам белсенділері, еріктілер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жастар ұйымдары қатысты. Шара барысында ресми түрде лента қиылып, орталықтың негізгі мақсат-міндеттері таныстырылды.
Жаңа орталық жастарға қажетті көмек пен кеңес алу мүмкіндігін ұсынып қана қоймай, олардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етпек.





