Талдықорған тұрғындары әлеуметтік желіде жануарға қатыгездік көрсетілген видеоны жариялады. Кадрда иттің қозғалып келе жатқан көлікке сүйретіліп, әрең ілескені байқалады. Оқиға қоғамда қызу талқыланып, желі қолданушылары жануарды қорғауды талап етті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жетісу облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жүргізіп, көлік жүргізушісін анықтады. Полиция мәліметінше, жарақат алған ит ветеринарлық қызметке тапсырылған.
– Полиция қызметкерлері жануарларға қатыгездік жасаған жергілікті тұрғынды анықтап, жауапкершілікке тартты. Ит анықталып, ветеринарлық қызметке тапсырылды. Полиция жануарларға қатыгездік жасауға жол берілмейтінін және Қазақстан заңдары бойынша жазаланатынын еске салады, – деді Жетісу облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Қалықова.
Ал жануар иесіне Қазақстан Республикасының әкімшілік заңнамасына сәйкес 18 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Құқық қорғау органдары жануарларға қатыгездік көрсету фактілеріне жол берілмейтінін еске салып, тұрғындарды мұндай жағдайлар туралы дереу хабарлауға шақырды.





