Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шаһар тойын жоғары деңгейде өткізу мақсатында дайындық жұмыстары басталып кеткен. Бекітілген кестеге сәйкес қала тұрғындары мен меймандар үшін түрлі концерттік бағдарламалар, спорттық жарыстар, көрмелер ұйымдастырылса, өз кезегінде бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан ашылады деп жоспарланған. Атап айтқанда, қаладағы «Жастар-3» шағын ауданын газға қосу, апатты үйде тұрған азаматтарға жаңа баспаналардың кілтін табыстау, «Құлагер» шағын ауданындағы заманауи саябақ және Өтенай ауылында жаңадан салынған дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілмек. Сонымен қатар, «Miss Taldyqorgan 2025» байқауының финалы, қала күніне орай ұйымдастырылған үлкен футболдан жолдастық кездесу және «Taza Qazaqstan» бағдарламасы аясында жалпы қалалық сенбіліктер өткізілмек.
– Басты мерекелік шара «Жастар» саябағында өтеді. Саябақтың бас сахнасында қазақ эстрадасының жұлдыздары Нұрболат Абдуллин (Nurbullin), Bidash, OCHOOOU және ADEMI өнер көрсетеді. Шара мерекелік отшашумен аяқталса, қала тойының соңы 28 қыркүйекте Талдықорған ипподромында Қала әкімінің кубогіне арналған аламан ат бәйгемен түйінделмек,– дейді шаһар әкімдігінің өкілі.
Еске сала кетсек, өткен жылы Жетісу облысы орталығының қала мәртебесін алғанына 80 жыл толған мерейлі мерекесі мен Талдықорғанның қала күні қатар айрықша сән-салтанатпен атап өтілген болатын. Онда бір ай бойы жалғасқан әр түрлі іс-шара мен байқаулар «Жастар» саябағында қорытындыланып, тамаша тартуларға толы шаһар тойы ерекше есте қалған еді.
Айдын КӘЛІМХАН





