Аталған инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шетелдік инвесторлармен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов аталған ірі инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары келісімшартқа қол қойылған кезеңнен бастап ретімен жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.
– Инвестициялық жобалар – бұл экономиканың маңызды драйвері. Облыста бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Негізгі құжаттарға қол қойғаннан кейін бірнеше кездесу ұйымдастырылып, біз болашақ зауытты орналастыру үшін «Талдықорған» индустриялық аймағының аумағында жер учаскесін дайындадық. Облыс басшылығы атынан біздің тарапымыздан қолданыстағы заңнама аясында инвестициялық жобаны сүйемелдеу және қажетті қолдау қамтамасыз етілетінін атап өткім келеді. Бұл өңір экономикасына мультипликативті әсер етеді. Жаңа зауыт тұрақты жұмыс орындарын құруда үлкен серпін бермек, – деді Әсет Қанағатов. Сонымен қатар, ол жобаны іске асыру мерзімдері мен құрылыс жұмыстарының бекітілген құрылыс кестесіне қатысты бірқатар сұрақтардың жауабын айтты.
«ME Elecmetal» компаниясының бас директоры Эухенио Артеага атап өткендей, Жетісу облысы стратегиялық тиімді географиялық жағдайға ие, энергетика саласында қажетті логистика мен ресурстарға бай өңір. Бұл дайын өнімді табысты өткізуге мол мүмкіндік береді.
– Біздің жоба металлургия саласын дамытуға бағытталған. Өнім ішкі нарықта да, Орталық Азия елдеріне де экспортқа жіберілетін болады. Барлық ұйымдастыру мәселесі шешілгеннен кейін болашақ зауыттың іргетасын қалауды келер жылдың наурыз айында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – деген компания директоры жобаны іске асырудың негізгі кезеңдері туралы егжей-тегжейлі айтты.
Кездесу соңында қос тарап жобаға қатысты барлық ағымдағы мәселені талқылап, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту туралы келісті.
«KAZ Minerals» тобы мен чилилік инвестор «ME Elecmetal» компаниясы арасында тегістегіш болат шар өндіретін зауыт құрылысы бойынша оффтейк-келісімшартқа қол қою биыл наурыз айында Астана қаласында өткен. Кездесуге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басшылығы, елшіліктердің, облыс әкімдігінің және компаниялардың өкілдері қатысты.
Еңлік КЕНЕБАЙ





