Салтанатты іс-шарада сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл аймақ тұрғындарын жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Мемлекет басшысының облысымызға жасаған іс-сапары кезінде қаламызда жаңа тұрғын үй алаптары мен шағын аудандардың бой көтеруін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Ел Президентінің саясатын жүзеге асыру жолында облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, биыл сәуір айынан бастап саябақтың құрылысы қолға алынған еді. Міне, бүгін сол игі істің жемісі жаңа саябақ халық игілігіне беріліп отыр. Бұл саябақ барлық жастағы тұрғындарға қолайлы етіп салынған. Сондықтан жұрттың жайлы да әсем демалыс орнына айналатыны анық. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұнда халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған тағы бір неше тың жобалар жүзеге асырылатын болады, – деді шаһар басшысы.
Талдықорған қаласы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қолданысқа берілген жаңа саябақтың жалпы аумағы 1,2 гектар. Демалыс орны заман талабына сай жабдықталып, автоматты суару жүйесі орнатылған. Қазіргі таңда жасыл газон төселіп, аумағы толық көгалдандырылған. Ал күз айында өңірдің табиғатына бейім 200-ден астам қылқан жапырақты ағаш отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар аталған саябақта балалар ойын аумағы, кіші сәулет нысандары, Workaut аймағы, веложол, шағын футбол алаңы, демалыс орындықтары, жаяу жүргінші жолдары және заманауи жарық шамдары орнатылған. Әрі қалада алғаш рет орнатылған «Фрегат» балалар ойын кешені орналастырылған.
Айдын КӘЛІМХАН





