Талдықорған қаласында жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, олардың тұлғалық дамуын қолдауға бағытталған «Roadshow to Taldykorgan: Таңдау уақыты» тақырыбындағы мазмұнды кездесу өтті. Аталған іс-шара өңір жастары үшін маңызды алаңға айналып, олардың болашаққа деген көзқарасын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Кездесуге заң колледжінің студентері қатысып, пайдалы ақпарат пен нақты бағыт-бағдар алды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарға дұрыс шешім қабылдауға көмектесу, олардың жеке әлеуетін ашу, қоғамдағы белсенділігін арттыру және еңбек нарығындағы сұранысқа ие салалар туралы жан-жақты ақпарат беру. Сонымен қатар, жастардың өзіне деген сенімін нығайтып, өмірлік мақсат қоюына, жеке дамуына серпін беру көзделді. Кездесу барысында тәжірибелі мамандар мен жастар көшбасшылары сөз сөйлеп, өздерінің өмірлік жолы, жетістікке жетудегі тәжірибесімен бөлісті. Спикерлер қатарында «Taldyqorgan jastary» филиалының жетекшісі Марлан Нұрланұлы, «Jetisu jastary» КММ-нің директор орынбасары Ақылбек Сәрсенбай. Марлан Нұрланұлы өз сөзінде жастармен жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталып, бүгінгі буынның жан-жақты дамуына қолдау көрсету – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ол жастарды белсенді болуға, түрлі жобаларға қатысып, өз әлеуетін толық ашуға шақырды. Сонымен қатар, мемлекеттік жастар саясаты аясында жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен бастамалар туралы кеңінен ақпарат беріп, олардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға үндеді. Ақылбек Сәрсенбай өз баяндамасында жастардың өмірлік бағытын дұрыс таңдауына әсер ететін негізгі факторларды атап өтті. Ол табысты болудың басты шарты – үздіксіз ізденіс, тәртіп және мақсатқа адалдық екенін айтып, өзінің еңбек жолындағы тәжірибесінен мысалдар келтірді. Сондай-ақ, ол жастарды уақытты тиімді пайдалануға, өзін-өзі дамытуға және кәсіби тұрғыда үздік болуға шақырды.
Іс-шара барысында қатысушылар мен спикерлер арасында ашық форматтағы пікір алмасу ұйымдастырылды. Жастар тарапынан қойылған сұрақтар мемлекеттік гранттар, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік негіздері, стартап жобаларды іске асыру және жеке бренд қалыптастыру тақырыптарын қамтыды. Әрбір сұраққа нақты әрі мазмұнды жауап беріліп, қатысушыларға пайдалы кеңестер ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ынталандыру жастардың белсенділігін арттырып, олардың келешек жобаларға қызығушылығын күшейтеді.Ұйымдастырушылар «Roadshow to Taldykorgan: Таңдау уақыты» жобасының негізгі ерекшелігі – жастармен тікелей байланыс орнату, олардың сұранысын нақты анықтау және соған сәйкес бағыт-бағдар беру екенін атап өтті. Бұл бастама жастардың өзін табуына, қабілеттерін дұрыс арнаға бағыттауына және болашаққа сеніммен қадам басуына ықпал етеді.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің жиі өткізілуін қолдайтындарын жеткізді. Олардың айтуынша, осындай тағылымды басқосулар жастардың ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Аталған кездесуді «Jetisu jastary» КММ-нің «Taldyqorgan jastary» филиалы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да өңір жастарына арналған мазмұнды жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, олардың жан-жақты дамуына бағытталған бастамаларды жалғастырмақ. Мұндай кездесулер жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, ел болашағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қосары сөзсіз.
Айдана АМАНЖОЛҚЫЗЫ,
ЖУ студенті





