Қарағандының Майқұдық ауданында Олимпиада чемпионы, танымал боксшы Данияр Елеусіновтің жұбайына қатысты жанжал шықты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жергілікті тұрғын Асель Жабықбаеваның айтуынша, кешкі уақытта анасының үйіне белгісіз әйел келіп, есікті қатты қаққан. Үй иелері есікті ашқанда, келген әйел өзін көршінің немересі екенін айтып, наразылығын білдіре бастаған.
Асельдің сөзінше, кейін арада түсініспеушілік туындап, жанжал төбелеске ұласқан. Ол келген әйелдің өзіне қол көтергенін айтады. Сондай-ақ, пәтерге іле-шала кірген қарт адам – әйелдің атасы – Асельдің анасын басынан ұрғанын мәлімдеді.
Ал боксшының жұбайы Саида Елеусінова бұл айыптаулармен келіспейтінін айтып, болған жағдайды әдейі ұйымдастырылған арандату деп бағалады. Ол өзіне тағылған кінәні жоққа шығарды.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 27 қаңтарда полицияға көршілер арасындағы жанжал туралы хабарлама түскенін растады.
– Барлық келіп түскен өтініштер бойынша қылмыстық істер тіркелді. Жәбірленушілерге денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлық дәрежесін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар мен тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қорытынды процессуалдық шешім барлық сараптама нәтижелеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданады, – деп хабарлады ведомство.
Еске салайық, Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, кәсіпқой бокста да өнер көрсетіп жүрген қазақстандық боксшы.





