25 қазан – тарихи маңызы жоғары, Қазақстанның мемлекеттігіне ерекше ықпал еткен күн. Себебі, дәл осы күні еліміздің егемендігі, саяси-құқықтық тәуелсіздігі жарияланды. Еркіндіктің бастауы болған декларация қалай қабылданғанын, қылышынан қан тамып тұрған Кеңес дәуірінде қайсарлық танытып, тарихи құжатты дайындаған тұлғалар жайлы білесіз бе? Мақалаға зер салайық.
1988-1989 жылдары Кеңестік империяның көбесі сөгіліп, қабырғасы қақырай бастаған тұста әуелі Балтық жағалауы елдері егемендікті тұғыр тұтты. Жер жаһанда азаттықтың ақ таңын аңсамайтын мемлекет жоқ. Бізге де тарихи құжат жобасын әзірлеу ел болашағына жауапты һәм аса маңызды іс болды. Бірақ оның оңайға соқпайтыны бесенеден белгілі еді. Десе де бодандықтың бұғауын үзіп, отаршылдықтың озбыр құрсауынан шығу үшін зиялы азаматтар мен депутаттарымыз бірігіп, іске кірісіп кетті. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет. КСРО Конституциясында «әрбір одақтас республика оның құрамынан шығуға құқылы» деген бапты басты назарға алған Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сынды академиктер жиналып, декларация мәтінін даярлап шықты. Оны жазып шығу бір бөлек, жұрт алдында құйтырқы сұрақтарға жауап беріп, қорғап шығу мүлдем басқа әңгіме.
Бұл жауапкершілікті жасы жетпіске таяған әйгілі заңгер, академик, депутат Салық Зиманов мойнына алады. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылған сессиясында ұлт тағдырын ойлаған тұлға «Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясын» мінберде екі сағаттай тұрып таныстырады. Жобаны талқылау кезінде тағы төрт сағат аяғынан тік тұрып, берілген 50-ден астам сұраққа мүдірмей жауап береді. Сөйтіп маңызды құжат 25 қазан күні 18.55-те қабылданады.
Егемендік бізге оңай келген жоқ. Олай дейтінім, шешуші сәтте көп депутаттың жауапкершіліктен қашып, тартыншақтағаны. Дәл сол сессияға Жоғарғы Кеңестегі 360 депутаттың 281-і ғана қатысқан. Кеңес үкіметінен бұқты ма, 79 депутат түрлі сылтаумен бұл жиынға қатыспапты. Ал келген депутаттардың 261-і құжатты қолдап, 18 депутат қарсы дауыс беріп, 2 депутат қалыс қалады. Құжат 25 қазанда қабылданғанмен оның БАҚ-та жариялануы үш күнге кешігеді. Десе де ұлтжанды азаматтардың намыс-жігері, қайтпас қайсарлығы мен ерен еңбегінің арқасында ақжолтай құжат егемендікке жол ашты. Бұл мереке Отанға деген сүйіспеншіліктің, ел мен жерге адал махаббаттың арқасында өмірге келді. Бұл күн рухы биік, намысы берік қазақ халқының ғасырлап күткен, ұрпақтан ұрпаққа аманат еткен, арманы мен азабы алмаса жүріп орындалған жеңісі әрі жемісі!
Бүгін тыныш, бейбіт елде өмір сүріп отырмыз. Сол үшін біз Салық Зиманов бастаған заңгерлерге, халық қалаулыларына, ел тәуелсіздігі жолында күрескен барша тұлғаларға алғыс айтып, ерлігін мәңгі жадымызда сақтауымыз керек. Елжанды азаматтардың еселі еңбегінің нәтижесінде биыл «Егемендік туралы декларацияның» қабылданғанының 35 жылдығын тойлаудамыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ел мұраты еңселі, бірлігіміз бекем, шығар шыңымыз биік болсын!
Айдар ҚАЛИЕВ





