Жетісуда түрлі этностың мәдениеті мен өнерін тоғыстырған «Бірлікке үн қосқан» атты этномәдени бірлестіктердің облыстық фестивалі өтті. Мәдени шараның басты мақса- ты – этносаралық келісімді нығайту, ұлттық мәдени мұраны дәріптеу және этномәдени бірлестіктердің шығармашылық әлеуетін таныту.
Фестиваль сахнасында Жетісу жерін мекендеген түрлі этнос өкілінің әні мен биі, ұлттық өнері мен дәстүрі көрініс тапты. Бірі өз халқының әуезді әнін әуелетсе, енді бірі ұлттық биін нақышына келтіре орындады. Түрлі мәдениеттің бояуы бір сахнада тоғысып, өнердің барша жұртқа ортақ құндылық екені аңғарылды. Шараның ашылуында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Нұртаев құттықтау сөз сөйлеп, фестиваль қатысушыларына сәттілік тіледі.
Өнер додасының шымылдығы түрілгеннен кейін қатысушылар 5 номинация бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, «Үздік шығармашылық ұжым», «Үздік аспаптық шығарма», «Үздік орындаушы», «Қазақ тіліндегі үздік орындаушы» және «Үздік хор ұжымы» аталымдары бойынша өнерпаздар өз шеберліктерін ортаға салды. «Үздік шығармашылық ұжым» номинациясында «Талдықорған әуендері» халықтық этнографиялық-фольклорлық ән-би ансамблі, «Горец» кавказ би мектебі, «Өрнек» хореографиялық ансамблі, «Алтын Жас» шығармашылық ұжымы өнер көрсетті. Бағдарламалар қатарында қазақ, орыс, грузин және кавказ халықтарының билері орындалды. Ал «Үздік хор ұжымы» номинациясында «Народный хор ветеранов» пен «Алтын жас» ұжымы сахна төріне шығып, көрерменге әсем әндерін ұсынды. Хор орындаушылары қазақ, орыс және татар халықтарының әндерін шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй-сыйлады.
Аспаптық орындаушылар арасында Айжан Айқын, Өктем Жақсыбек, Дина Советқызы, Әмір Болат, Елназ Мұхаметқали және Расул Әміржан өнер көрсетті. Жас күйшілер Құрманғазы, Қайрақбай, Нұрғиса Тілендиев сынды қазақ күй өнерінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын орындап, ұлттық аспаптың қасиетін танытты.
«Үздік орындаушы» номинациясында әр буынның өкілдері бақ сынады. 18 жастағы Ислам Мұхамеджановтан бастап, 78 жастағы Мнавар Махмутоваға дейінгі өнерпаздар қазақ және әлемдік музыка қорындағы танымал шығармаларды орындады. Бағдарламада «Әлия», «Асыл арман», «Дедім-ай», «Қазақ вальсі», «Қайдасың?», «Червона рута», «Отан Ана» сынды әндермен қатар әлемге әйгілі «My Heart Will Go On», «All of Me» шығармалары да шырқалды.
Фестивальдегі айрықша номинациялардың бірі – «Қазақ тіліндегі үздік орындаушы». Бұл аталымда Яна Адамова, Эмиль Курбанов және Ульяна Федорович өнер көрсетті. Қатысушылар қазақ тіліндегі әндерді орындап, мемлекеттік тілдің мәдениет пен өнердегі қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосты.
Өнерпаздардың орындаушылық шеберлігін Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздіктері, мәдениет қайраткерлері мен кәсіби өнер мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Құрамда қоғамдық келісім мекемесі басшысының орынбасары Дәурен Нұртаев, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Асқар Нұрмұхамбетов, «Құрмет» орденінің иегері Гүлмира Смағұлова, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Талғат Оразаев және жоғары санатты маман Ольга Ефтюкова болды.
Шара соңында шығармашылық байқаудың қорытындысы шығарылып, үздік өнерпаздар мен ұжымдар марапатталды. «Үздік шығармашылық ұжым» номинациясында «Горец» кавказ би мектебі Гран-при иеленсе, «Талдықорған әуендері» ансамблі I, «Өрнек» ансамблі II, «Алтын жас» шығармашылық ұжымы III орынға лайық деп танылды. «Үздік аспаптық шығарма» номинациясында Расул Әміржан Гран-при жүлдесін жеңіп алды. I орын Дина Советқызына, II орын Айжан Айқынға, III орын Әмір Болатқа берілді. «Үздік орындаушы» аталымында Гран-при Татьяна Николаеваға бұйырса, Дамир Шаяхметов I, Әділет Айтжан I, Ислам Мұхамеджанов III орын алды. Қазақ тіліндегі өнер туындыларды насихаттауға бағытталған «Қазақ тіліндегі үздік орындаушы» номинациясында I орын Яна Адамоваға, II орын Ульяна Федоровичке, III орын Эмиль Құрбановқа табысталды. Ал «Үздік хор ұжымы» номинациясында «Алтын жас» шығармашылық ұжымы I, «Народный хор ветеранов» II орынға ие болды.
Осылайша, өнер додасы шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылардың шеберлігін саралап қана қоймай, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, сахнаға шыққан әр қатысушының еңбегін бағалаған тағылымды шара ретінде түйінделді.
Медет ЖҰМАБАЙ





