Қазақстанда байланыс операторларына автоматты қоңырау шалу қызметін қолдануға тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
13 мамырда депутат автоматты қайта қоңырау шалу қызметін алып тастау мәселесін көтерген болатын. Оның айтуынша, мұндай қоңыраулар азаматтардың мазасын алып, қолайсыздық тудырады.
– Автоматты қоңырау шалу қызметі көп жағдайда азаматтарымыздың мазасын алады, сондықтан біз оларға тыйым салынғанын қалаймыз. Біз бұл мәселені бұған дейін де көтердік. Бұйрық деңгейінде шешіледі деген еді, бірақ әлі шешілмеді, – деген еді Аймағамбетов.
Сол кезде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл мәселе байланыс операторларымен бірлесіп қарастырылатынын айтқан.
Бүгін депутат Telegram арнасында министрліктен оң жауап алынғанын хабарлады. Оның сөзінше, қазір Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізіліп жатыр.
– Автодозвон мәселесін министрдің алдында көтеріп, заңға түзету енгізген едік. Нәтиже бар. Қазіргі уақытта Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілуде. Жаңа ережеге сай, абонентті қабылданбаған қоңыраулар туралы ескерту SMS арқылы ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар заң жобасы шеңберінде рұқсат етілмеген трафикті генерациялауға тыйым салу бойынша да арнайы түзетулер қарастырылып жатыр. Халықты мазалайтын, спамға айналған заңсыз қоңырауларға құқықтық тұрғыдан нақты тосқауыл қою маңызды, – деп жазды депутат.





