Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіру қажетін айтқан болатын.
Президенттің көтеріп отырған мәселесі өте өзекті. Расымен де Тәуелсіздік алғалы қазақ футболының қарыштап дамып кеткенін, жанкүйерлерін желпінткен кезін көрген емеспіз. Әрине, жекелеген клубтар әлемдік теңбіл доп додаларының есігінің алдынан кері қайтып жүр. Биылғы «Қайрат» командасы чемпиондар лигасында доп тебеді дегені көңілге медеу болғанымен олардың барар жері алыс емес екені айтпаса да түсінікті. Ия, жалпы әңгіме олардың жеңісті жолында емес, алдағы уақыттағы отандық клубтардың жағдайы. Бізде «Астана», «Қайрат» командалары ғана жеке адамдардың қолында. Осының нәтижесінде аталған клубтарда қозғалыс, өрлеу, даму деңгейі білінеді. Бұл сапаға жұмыс істейді деген сөз. Қалған клубтар мемлекет қаржысына байланған соң ол жерде бәсекелестік жоқ, бір сөзбен айтқанда «дайын асқа тік қасық» деген сөз. Олар клубтың жанданып, талантты балалардың жарқырап шығуына бас ауыртпайды. Бөлінген қаржыны қарпып жеп, соған қанағат тұтса болғаны. Мұнымен қазақ футболы дамымайды. Әлемдік тәжірибеде футбол клубтарының барлығы жеке компания, ірі бизнесмендердің жекеменшігінде. Олар осы футбол арқылы мемлекеттің атын шығарып, ірі қаржы әкелетін табыс көзіне айналдырып отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлының:
«Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», – деп нақтылады.
Дәл осы айтқанына нақты дәлел келтірейік. Санаулы күннен кейін алматылық «Қайрат» командасы Испанияның «Реал Мадрид» командасымен Алматыда бақ сынаспақ. Міне, осы екі команданың ойынына жанкүйерлерге сатылған билет құнынан «Қайрат» клубы 3 млрд. табыс тапты. Бұл тек билеттен ғана. Жарнама, эфирге шығару секілді түрлі пайда әкелетін жолдары тағы бар. Міне, егер бір клубтарды жекеге өткізетін болса, ойынның сапасы да, талантты футболшыларды да әлемге көрсетіп және сыртқа сатуға мүмкіндік туғызатын еді. Жеке кәсіпкер өзінің имиджі үшін сапаға жұмыс істейді. Осы арқылы бизнес-индустрия қалыптасады.
Ришад ТҰРҒАНБАЙ





