Теріге үнемі күтім жасау керек. Ол үшін кәсіби маманың көмегіне жүгіну аса маңызды. Әр адам жылына бір рет косметолог маманға барып, бет күтімі жайлы ақпарат алғаны жөн. Біз 4 жыл бойы медицина саласында білім алып, бүгінде «Сакура» косметология салонында кәсіби қызмет көрсетіп жүрген білікті маман Айдана Әлиханмен сұхбаттасуды жөн көрдік. Олай болса бет күтімі жайлы толық ақпарат білгіңіз келсе, мақалаға көз жүгіртіңіз.
– Айдана Мейіржақыпқызы көктем мезгілінде бет терісі қалай өзгереді?
– Көктемде ауа температурасы мен ылғалдылықтың артуына байланысты тері белсенді жұмыс істей бастайды. Май бездерінің қызметі күшейіп, кей жағдайда майлану, ал кейбір адамдарда құрғау мен сезімталдық байқалып, аллергиялық реакциялар мен ұсақ бөртпелер пайда болуы мүмкін. Сондықтан бұл кезеңде күтім түрін өзгертіп, жеңіл әрі ылғалдандыратын жақпамайларды қолданған жөн.
– Терінің құрғақ, майлы, аралас түріне күтім қалай жасалынады?
– Әр адамның терісінің типі әртүрлі. Құрғақ тері ылғалды тез жоғалтатындықтан, оған терең ылғалдандыру мен қоректендіру қажет. Майлы теріге артық майды реттейтін, қабынуға қарсы әсері бар өнімдер қолданған жөн. Ал аралас теріде бет аймақтарына қарай жеке күтім жасалады. Майлы бөліктерге жеңіл, құрылымды өнім құрғақ аймақтарға ылғалдандыратын крем пайдаланған дұрыс. Ең бастысы – өз тері түрін дұрыс анықтап, соған сай күтім жасаса нәтиже анық байқалады.
– Үй жағдайында бетке маска мен скрабты қаншалықты жиі жасауға болады?
– Бетке күтім жасауда басты қағиданы ұмытпау керек. Ол – күтімді шамадан тыс асырмау. Масканы аптасына 3 рет жасау жеткілікті. Теріні ылғалдандырып, қоректік заттармен қамтамасыз етеді. Ал скрабты 7-10 күнде бір реттен артық қолдануға болмайды. Себебі, жиі скраб жасау терінің қорғаныш қабатын зақымдап, жұқарып кетуіне алып келеді. Салдарынан тітіркену, қызару пайда болуы мүмкін.
– Қазіргі таңда көп кездесетін тері мәселелерінің (безеу, дақ, әжім) негізгі себептері қандай?
– Қазір безеу, реңдік дақтар, терінің ерте қартаюы сияқты мәселелер жиі кездеседі. Бұған бірнеше фактор әсер етеді. Ең әуелі – жеңсік астарды жиі тұтыну. Газдалған сусындар ішу, стресс, ұйқының аздығы, гормоналды өзгерістер және экологиялық жағдайдың салдары бет терісінің бұзылуына алып келеді. Сонымен қатар, теріні дұрыс тазаламау, сапасыз косметика қолдану да үлкен зиян келтіреді. Сондықтан сыртқы күтім ғана емес, ішкі ағзаның саулығына да мән берген жөн.
– Косметиканы таңдағанда ең алдымен нені ескеру керек деп ойлайсыз?
– Ер немесе әйел адам бетіне күнделікті күтім жасауы тиіс. Реңдік дақтар әсіресе, күннен қорғайтын кремді (SPF) тері күтіміндегі ең маңызды құралдардың бірі екенін естен шығармау керек. Ол теріні ультракүлгін сәуледен қорғап, ерте әжімнің және тері қатерлі ісігінің алдын алады. Көпшілік бұл кремді тек жаз мезгілінде ғана қажет деп ойлайды. Алайда бұл қате түсінік. Күн сәулесі жыл бойы әсер ететіндіктен, күннен қорғайтын кремді барлық маусымда қолданған дұрыс. Бұл – жас әрі сау терінің басты кепілі. Ал косметика таңдауда ең алдымен тері түрі, өнімнің құрамы, сертификаты және жарамдылық мерзімі ескерілуі тиіс. Қаптамадағы құрамы тізімін мұқият оқып, егер құрамында спирт, парабен, жасанды бояғыш көп болса, ол өнімнен бас тартқан жөн. Өнімді ресми дүкендерден, сенімді брендтерден алған дұрыс.
– «Қымбат косметика міндетті түрде жақсы нәтиже береді» деген пікірмен қаншалықты келісесіз?
– Жоқ, әрдайым қымбат косметика жақсы нәтиже береді деуге болмайды. Кейде қолжетімді бағалы өнімдер де өте тиімді болуы мүмкін. Косметиканың тері түріне сай болуына, құрамының қауіпсіздігіне баса назар аударған жөн. Жас ерекшелігіне қарай да өнімді таңдай білген дұрыс. Мәселен 20+ – ылғалдандыру және алдын алу күтімі үшін қолданылса, 30+ – қоректендіру, қалпына келтіру және серпімділікті сақтауға арналған, 40+ – қартаюға қарсы кешенді күтім, коллаген мен гиалурон қышқылына бай өнімдер қолдану ұсынылады.
– Маман ретінде теріні ұзақ уақыт жас әрі сау күйде сақтау үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Ең бірінші дұрыс өмір сүру салтын қалыптастыру қажет. Таза ауада серуендеу, жеткілікті ұйқы, дұрыс тамақтану, суды жеткілікті мөлшерде ішу – тері саулығының ең басты негізі. Теріге тұрақты күтім жасап, косметолог маманға уақытылы қаралып тұрған жөн. Теріңізді жақсы көріп, оған қамқорлық жасау – сұлулықтың ең басты құпиясы екенін естен шығармаңыз дегім келеді.
– Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!
Әңгімелескен Айдана АМАНЖОЛҚЫЗЫ






