Жадырап жаз келді. Ыстық күнде адамдар өзендер мен көлдерге шомылуға асығады. Салқын суға түсу, ыстық құмның үстінде жату, көл немесе өзен жағасында серуендеу – бұл шын мәнінде адамға үлкен рахат сыйлайды. Осындай демалыс кезінде әсіресе, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаған жөн. Тынып ағатын өзен мен көл де қауіп төндіретінін ұмытпаңыз.
Облыс аумағында 3 ірі су айдыны бар. Оған жазғы уақытта тұрғындар демалуға барады. Ол Алакөл мен Балқаш көлі және Қапшағай су қоймасының жағалаулары. Осы және басқа да су айдындары суға шомылу маусымы кезінде төтенше жағдай департаментінің ерекше бақылауында. Өткен жылдың шомылу маусымы кезінде облыстың су айдындарында 31 адам қаза тапты, оның 12-сі бала.
Суға шомылу кезінде болатын жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – қауіпке мән бермеу және қиын жағдайдан шығуды білмеу. Адам жүзе алмаудың емес, үрейге жиі бой алдырудың себебінен де қайғылы жағдайға ұшырап жатады. Оған көбіне мас күйінде және дауылды ауа райында суға түсу, алыс қашықтыққа жүзу, ағзаның салқындауы, бұлшық еттердің тартылуы, үрлемелі жүзу құралдарының жарылуы, балалардың қараусыз қалуы, биіктіктен секіру сияқты жағдайлар себеп болады. Судағы қауіпсіздікті медициналық пункт пен құтқару құралдары бар арнайы жабдықталған жағажайда қамтамасыз ету оңай. Қазіргі уақытта облыс бойынша алдағы суға шомылу маусымына дайындық жүріп жатыр.
Облыстық ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, коммуналдық жағажайларда су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ақпараты бар стендтер, бораларды орната отырып, жүзу шегарасын белгілеуде. Қапшағай су қоймасындағы қауіпсіздік мәселесіне де үлкен көңіл бөлінеді. Қапшағай су қоймасында 140-тан астам жеке және 7 қалалық жағажай бар. Өткен жылы шомылу маусымы кезінде Қапшағай су қоймасының жағалауына 500 мыңнан аса демалушы келді. ТЖД құтқарушылары Қапшағай су қоймасындағы жағажайларды тексеріп, судың түбін тазартуда. Мұндай жұмыстар жүзу шегарасында суға сүңгу арқылы жүзеге асырылады.
Су түбін тазарту – көзбен көру, сезу тәсілімен жүргізіледі. Судан – су басқан заттар мен темір-бетон сынықтарын, ағаш құрылымдары мен суға батқан шөлмектер және балық аулайтын құралдар мен тастар, басқа да қоқыстар іздестіріліп, тазартылуда. Қазіргі кезде Қапшағай қалалық 7 жағажайдың бәрі тексерілді. Құтқарушылармен жағажайдың аумағы бойынша шектеу боралары орнатылуда.
ТЖД қызметкерлері жағажайлардың дайындық жағдайымен де танысты. Жергілікті атқарушы органдар құтқару, медициналық көмек және қоғамдық қауіпсіздік бекеттерінің жұмысын ұйымдастырды. Аса қауіпті учаскелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ТЖД құтқарушыларының қатарынан мобильді бекеттер қойылады. Осындай жұмыстардың арқасында былтыр су айдындарында адамдардың қаза болуы алдыңғы жылмен салыстырғанда 39 пайызға төмендеді.
Биылғы суға шомылу маусымы кезеңінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің және облыстық полиция департаментінің облыстың табиғи және жасанды су айдындарында адамдардың қаза болуының алдын алу бойынша бірлескен жоспар жұмыстары жалғасуда. Облыстық ТЖД қызметкерлері демалыс және мереке күндері жергілікті атқарушы органдармен, жергілікті полиция қызметімен және авариялық-құтқару жасағымен бірлескен рейдтер өткізеді.
НАЗАРҒА АЛЫҢЫЗДАР, ауа райы өзгергенде, қатты жел кезінде, сондай-ақ, су температурасы 20 градустан төмен болған жағдайда суға шомылуға болмайды, тек жабдықталған жағажайларда және ресми рұқсаты мен құтқару қызметі бар суға шомылуға арналған орындарда ғана шомылыңыз. Су жағасындағы балаларды қараусыз қалдырмаңыз, түнгі уақытта және мас күйде суға түспеңіз. Жүзе білмесеңіз, белдеуден жоғары суға кірмеңіз. Суға түсу кезінде бір-біріңізді жоғалтпаңыз, жағалаудан алысқа бораның және қоршау белгілерінен асып жүзбеңіз, жүзе білмесеңіз дөңгелектер мен үрлемелі матрастарды пайдаланыңыз, жақын келе жатқан катерлер мен қайықтарға қарай жүзбеңіз. Қайықтан, көпірлерден және айлақтардан суға секірмеңіз және су жағасынан алыстап суға түспеңіз, бұл жағдайда суық өтіп, шаршап қалуыңыз мүмкін. Біз қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, баға жетпес өмірімізді сақтаймыз!
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі





