Қаз басқан сәттен, былдырлап тілі шыға бастаған кезден бүлдіршіннің қылығы да тәтті болатыны сөзсіз. Олардың әрбір әрекеті ата мен әжеге, әке мен анаға ерекше әсер етеді. Ал олардың балабақшадағы өмірі де бөлек бір әлем ғой. «Р»-ға тілі келмеген, әлі сөйлей білмеген балақандармен жұмыс істеу де оңай емес.
Республика күніне орай «Басқару негіздерінің мектебі» балабақшасындағы «Сәлем» тобының бүлдіршіндері «Алтын күз» ашық сабағы аясында мерейлі мерекені атап өтті. Тақылдап тақпақ айта алмаса да тәрбиешілерінің сөзін қайталап, оған өздері де мәз-мейрам болды. Күлкілерінен күн күлген балақайлар Ұлттық мерекені толықтай түсінбесе де бір қуанышты күн екенін сезінді. Тәрбиеші апай Ту туралы айтқан кезде балапандардың бірден Көк байрағымызға көңіл аударып, соған қарай жамырай жүгіргенінің өзінен сәби жүрегіне ұлттық құндылықты сіңіріп жатқанын байқадық. Біреуі құлап, біреуі жылап, біреуі жұбанып, шын пейілімен қуанып, шат-шадыман күй кешкенінің өзі де біздің көңілімізді әдемі әсерге бөледі.
Былдырлаған балапандарға осындай мерекенің маңызын қазірден бастап бойына сіңірудегі «Сәлем» тобының тәрбиешісі Анар Жұмағалиеваның өткізген тәрбие сағатының берері мол болды. Көмекшісі Гүлзат Жұмабекқызы мен сол күнгі кештің шырайын ашып, алтын күз бейнесінде балаларға базарлық ұсынған Маржан Маратқызының да еңбегін айта кеткеніміз жөн.
– Расында тілі шықпаған бүлдіршіндермен жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен олардың ес білер шағында мемлекеттік, ұлттық маңызы бар мерекелердің не екенін түсіндіру керек. Туды көріп, Әнұранды естіп өскен баланың бойында патриотизмнің болары анық. Елім, жерім дейтін келешек ұрпақты тәрбиелеуде ата-ана мен ұстаздар қауымы еш жалықпауымыз керек, – дейді тәрбиеші Анар Байжұмақызы.
Балабақша – отбасынан басталатын барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы. Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен ұрпақтың санасына сәуле құю әрқайсымыздың басты парызымыз екенін ұмытпағанымыз жөн.
Айғаным АЙТМҰХАН
Талдықорған қаласы
Суретті түсірген Жұмабай Мұсабеков





