Ауданда мал басы көбеюде. Нарықта ет, сүт өнімдері де молая түсті. Бұған өңірдегі мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың қосқан үлесі зор.
Сондай саңлақтардың бірі – көкталдық қожалық жетекшісі Иса Сатыбалдиев. Ол 1989 жылы Талдықорған қаласындағы мал мамандарын дайындайтын техникумды тамамдап, туған ауылына келеді. Мамандығы бойынша еңбек етіп, 2000 жылы шаруашылықтан 10 гектар сурмалы, 1600 гектар жайылымдық жер үлесін алып, жеке қожалық құрады. Сөйтіп, жылқы, сиыр, қой өсіреді. Мал бағудың қиындығы да аз емес. Оның қыр-сырын қыстың суығына, жаздың ыстығына, күз бен көктемнің бораны мен нөсерлі жауынына шыдаған шаруалар ғана біледі.
Әр малдың бабын табу ғылымға аз жүк емес. Кеңес кезеңінде ұзақ жыл шаруашылықта еңбек етіп, атакәсіпті жанына серік еткен Иса қожалығында қой, жылқы, сиыр тұқымын асылдандырып, әрекет етуі оның осы саланың білікті маманы екенін білдіреді. Қазір Иса жетекшілік ететін «Сатыбалды» ЖШҚ-да 300-ден аса асыл тұқымды Санта-гертруда тұқымды сиыры бар. Етті бағыттағы бұл малды өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында осы Исаның отбасы Көктал ауылындағы мал тұқымын асылдандыратын републикалық тәжірибе бекетінде жерсіндіріп, көбейткен.
Еті таза мәрмар, бабы мен жасы жеткенде 1 тоннаға дейін таза ет беретін ірі қара Көктал ауылдық округі мен Айдарлы, Әулиеағаш өңірлерінде өсіріледі. Қазіргі нарықта оның етімен қатар төлі де құнды. Иса тек өткен жылы ғана өзі сияқты текті тұқымды мал өсіретін ауылдас кәсіпкер Ақберен Әдепханұлына асыл тұқымды 60 бұқа сатты. Қожалықта бұдан басқа тұқымы асыл Арқар-меринос қойы өсіріледі. Оның 300-ден аса саулығы жақында төлдейді. Сондай-ақ, қожалық иесінің 400-ден аса қазақы жылқысы бар. Шаруашылыққа інісі Серік көмектеседі. Бұған қоса қожалықта 6 малшы еңбек етеді. Қыс маусымынан барлық малын қоңды шығарған қожалық еңбеккерлері алдағы төл алу науқанына әзірленуде.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





