Топырақ құнарлылығын сақтаудың және мол өнім алудың басты кепілі – ауыспалы егіс. Осындай күрделі жағдайда жерді ғылыми негізде тиімді пайдалану – уақыт талабы. Ғалымдардың пікірінше, топырақтағы негізгі үш элемент – азот, фосфор және калийдің тепе-теңдігі сақталмайынша, жоғары әрі тұрақты өнім алу мүмкін емес. Зерттеулерге қарағанда, Қазақстан аумағындағы егістік жерлердің басым бөлігінде фосфор тапшылығы бар. Бұл еліміздің фосфор қоры жағынан әлемде алдыңғы орын иелене тұра, ауыл шаруашылығында осы мүмкіндіктің толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді.
Егіншілік мәдениетін көтеруде топырақты сапалы өңдеудің маңызы ерекше. Дұрыс өңделген топыраққа ылғал мол жиналып, ұзақ уақыт сақталады, ауа мен жауын-шашын суы жақсы сіңеді. Сонымен қатар, топырақ өңдеу арқылы органикалық және минералды тыңайтқыштарды тиімді енгізуге, зиянкестер мен ауру қоздырғыштарының таралуын азайтуға мүмкіндік туады.
Топырақты өңдеу кезінде оның төменгі қабатындағы органикалық заттарға бай, қоректік элементтері мол қабат жоғары көтеріліп, аэробты микроорганизмдердің белсенділігі артады. Бұл органикалық заттардың минералдануын күшейтіп, өсімдіктер үшін қолайлы орта қалыптастырады. Осындай агротехникалық шаралардың ішінде ауыспалы егістің орны айрықша.
Ауыспалы егіс – дақылдарды белгілі бір тәртіппен алмастырып егу арқылы топырақ құнарлылығын сақтау мен арттыруға бағытталған ғылыми жүйе. Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында, соның ішінде Жетісу өңірінде ылғал жеткілікті жерлерде 3-5 танапты, кей жағдайда 8 танапты ауыспалы егіс жүйесі кеңінен қолданылады. Бұл жүйеде егістік, мал азықтық және арнайы бағыттағы ауыспалы егістер ажыратылады. Ылғалы мол алқаптарда негізгі дақылдарды себер алдында танапқа 2-3 жыл жоңышқа егу тиімді нәтиже береді, себебі – көпжылдық шөптер топырақтың физикалық қасиеттерін жақсартып, органикалық заттардың жиналуына ықпал етеді. Мал азықтық ауыспалы егісте көпжылдық шөптерден кейін отамалы дақылдар мен сүрлемдік жүгері өсіріледі. Ал арнайы ауыспалы егіс жүйесінде көкөніс, қант қызылшасы, күріш сияқты дақылдар жыл сайын алмастырылып егіледі, алайда бұл жүйені қолдану үшін топырақ құнарлылығы жоғары, ылғал мен жылу жеткілікті болуы шарт.
Ауыспалы егістің артықшылығы көп. Атап айтқанда дақылдар алмастырылып егілгенде өнім көлемі артады, топырақ құнарлылығы сақталады, эрозия қаупі азаяды, арамшөптердің, зиянкестер мен ауру қоздырғыштарының көбеюі тежеледі. Бір дақылды бір жерге ұзақ уақыт еге беру керісінше, топырақтың тозуына және өнімнің азаюына әкеледі. Мысалы, қант қызылшасын тұрақты түрде бір жерде өсірсе, алабота мен қарасора сияқты арамшөптер көбейеді, ал бидайды кезектестірмей еккен жағдайда тамыр шіріндісі ауруы жиі кездеседі. Ауыспалы егіс мұндай биологиялық қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Егіншіліктегі ең күрделі әрі маңызды шаралардың бірі – топырақты өңдеу. Ғалым Э. Расселдің пікірінше, топырақты өңдеу оның құнарлылығын арттыруда тыңайтқыш енгізуден кем түспейді, өйткені тыңайтқыш қоректену режимін жақсартса, топырақты өңдеу ауа, жылу, ылғал және қоректік заттар режимдерін оңтайландырады. Топырақ өңдеу сапалы жүргізілген жағдайда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі 20-25 пайызға дейін артуы мүмкін. Алайда егіншілікте жұмсалатын энергияның 30-40 пайызы дәл осы өңдеу жұмыстарына тиесілі болғандықтан, қазіргі таңда энергия үнемдейтін, баламалы технологияларды енгізу өзекті болып отыр.
Топырақ құнарлылығы табиғи және жасанды болып бөлінеді: табиғи құнарлылық топырақ түзілу процесі нәтижесінде қалыптасса, жасанды құнарлылық адам қолымен жүргізілген шаралар арқылы артады. Ғылыми негізде ұйымдастырылған егіншілік жағдайында жер тозбайды, керісінше жылдан жылға жақсара түседі. Қорытындылай келе, ауыл шаруашылығының басты мақсаты – жер ресурстарын тиімді пайдалану арқылы халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту. Бұл міндетті орындауда ауыспалы егіс, топырақты дұрыс өңдеу және қоректік заттарды есеппен қолдану – мол өнім алудың ең сенімді кепілі.
Керімтай Қонысбеков,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу
институтының жетекші ғылыми қызметкері





