Соңғы жылдары Қазақстанда косметология саласы қарқынды дамып, өңірлерге дейін кең тарады. Ерін ісіру, омырау үлкейту, қас дизайны секілді процедуралар сұранысқа ие қызметке айналды. Бұл үрдіс әлеуметтік өзгерістермен, ақпараттық кеңістіктің кеңеюімен және тұтынушылық мәдениеттің күшеюімен байланысты.
Әлеуметтік желілер «идеал сұлулық» түсінігін қалыптастырып, сыртқы келбетті әлеуметтік капитал деңгейіне шығарды. Әлеуметтанушы Ерлан Қуанышевтің айтуынша, сыртқы келбет кей жағдайда еңбек нарығында, жеке қатынастарда және әлеуметтік мәртебеде маңызды факторға айналып отыр. Сондықтан косметологиялық процедуралар көбіне жеке таңдау ғана емес, қоғам тарапынан туындайтын үнсіз қысымның да көрінісі саналады.
Ерінге филлер салу салыстырмалы түрде қолжетімді болғанымен, медициналық бақылаудың әлсіздігі алаңдатады. Дәрігер-косметолог Айгүл Сейдахметова пациенттердің бір бөлігі процедураға ішкі қажеттіліктен емес, әлеуметтік желідегі салыстыру әсерінен келетінін айтады. Оның пікірінше, косметология ең алдымен медицина болғандықтан, қауіпсіздік пен кәсіби жауапкершілік бірінші орында тұруы тиіс. Сапасыз препараттар мен дұрыс жасалмаған процедуралар түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін.
Маммопластика қымбат қызмет санатына жатса да сұраныс төмендеген жоқ. Сарапшылар мұны сыртқы келбетке салынған инвестицияның кей жағдайда әлеуметтік қауіпсіздік құралы ретінде қабылдануымен түсіндіреді. Ал қас индустриясының дамуы жаһандық визуалды стандарттардың ықпалымен ұлттық бет-бейненің біріздену үрдісін күшейтті.
Бүгінде косметология бизнес пен медицинаның аралығында тұр. Клиникалар арасындағы бәсеке жылдам нәтижеге бағытталғандықтан, медициналық этика мен пациент қауіпсіздігі екінші орынға ығысу қаупі бар. Мамандар лицензиялық талаптарды күшейту, кәсіби жауапкершілікті арттыру және халықтың медициналық сауатын көтеру қажет екенін атап өтеді.
Қазақстандағы косметология – тек сұлулық индустриясы емес, қоғамдағы құндылықтар мен әлеуметтік қысымның көрінісі. Сұлулыққа ұмтылу табиғи болғанымен, ол денсаулық пен психологиялық тұрақтылыққа зиян келтірмеуі тиіс. Медициналық қауіпсіздік пен саналы таңдау сақталған жағдайда ғана бұл сала адамның өзіне деген сенімін арттырып, қоғамға пайдалы бағытқа айналады.
Сұлулық уақытша, ал денсаулық пен табиғилық – тұрақты құндылық. Осы тепе-теңдік косметологияның болашағын айқындайды.
Аяжан ӘМЕТ
ЖУ студенті





