Талдықорғанда «Jetisý Jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Ұлттық құндылықтар және тұлғалық бренд» тақырыбында халықаралық бизнес және инвестиция саласының кеңесшісі, медиа және кино продюсері Едіге Қожахметпен кездесу өтті.
Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұхтар Күмісбек жүргізіп, қонақты көпшілікке таныстырды. Сөз алған Едіге Қожахмет қазақы тәрбиенің негізін, отбасының қоғамдағы рөлін, үлкенге құрмет, ізгілік пен қайырымдылық секілді асыл қасиеттердің өмірлік маңызын кеңінен тарқатты.
Спикердің айтуынша, ұлттық болмыс пен жаһандық үрдістерді үйлестіре білу – әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болу. Ол өзінің тәжірибесінен мысал келтіріп, кітап оқудың адам ой-өрісін кеңейтіп, жаңа идеяларға жол ашатынын ерекше атап өтті.
– Көптеген идея кітап оқығанда келеді. Сондықтан жастарды ойлануға, ізденуге және оқуға шақырамын. Білім – жаңа мүмкіндіктердің кілті, – деді ол.
Сонымен қатар, көп тіл білудің тұлғалық бренд қалыптастырудағы артықшылықтарын да ерекше сөз етті.
– Бренд тек бизнеске қатысты емес. Әрбір адамның өзіне тән тұлғалық бейнесі бар. Сол бейненің іргетасы ұлттық код, тарих пен мәдениеттен бастау алуы тиіс. Сонда ғана біз әлемдік сахнада даралана аламыз, – деді ол.
Кездесуде жеке бренд стратегиясын құрудың кезеңдері түсіндіріліп, ұлттық дәстүрді кәсіби өмірде қолданудың нақты тәсілдері көрсетілді. Әлемдік аренада ұлттық стиль арқылы табысқа жеткен тұлғалардың үлгілері де мысалға келтірілді.
Сондай-ақ, жастар тарапынан қойылған сұрақтар да әралуан болып, студенттер мен жас кәсіпкерлер уақытты тиімді басқару, тіл үйрену және кәсіпкерлік жолы жайлы кеңес алды.
Диана ОРАЗБЕК,
ЖУ студенті





