Қазір түнгі уақытта жұмыс істейтін адамдардың саны артып келеді. Кейбіреулер бұл уақытты тыныш әрі өнімді кезең деп санап, түнде жұмыс істеу ойды жүйелеп, жаңа идеялардың пайда болуына көмектеседі деп есептейді. Алайда мамандар мұны көбіне иллюзия деп бағалайды. Ұзақ уақыт бойы түнгі ауысымда жұмыс істеу ағзаға ауыр салмақ түсіріп, жүйке жүйесіне, жүрекке және иммунитетке кері әсер етуі мүмкін.
Түнгі жұмыс оңай емес
Назым Амантай – Алматыдағы университеттердің бірінде оқитын студент. Ол аптасына үш рет қаладағы тәулік бойы жұмыс істейтін фаст-фуд дәмханасында кешкі сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін еңбек етеді. Күндіз сабаққа барып, оқуын жалғастырады.
«Мен түнгі ауысымда аптасына үш рет жұмыс істеймін. Себебі күндіз сабаққа барамын. Студент болғандықтан, өз шығындарымды өзім жабуға тырысамын. Түнгі ауысымның бір жақсы жағы – жалақысы көбірек төленеді», – дейді Назым.
Оның айтуынша, бір түнгі ауысымда шамамен 20 мың теңге табыс табады. Осылайша айына кемінде 240 мың теңге табуға мүмкіндік бар. Бұл қаражат жол шығынына, тамаққа және күнделікті қажеттіліктерге жұмсалады.
Дегенмен түнгі жұмыс оңай емес. Назым түнгі ауысымда жұмыс істей бастағалы ұйқы режимі өзгергенін айтады.
«Түнде жұмыс істесем, күндіз толық ұйықтай алмаймын. Ұйқы режимім бұзылып кетті. Кейде сабаққа қатты шаршап барамын. Бірақ қазір бәрі қымбат. Сондықтан жұмыс істеп, ақша табуым керек», – дейді ол.
Назымның айтуынша, оның достарының арасында да түнгі ауысымда жұмыс істейтіндер көп. Бірі оқу ақысын төлеу үшін, енді бірі күнделікті шығындарын өтеу үшін осындай жұмысқа мәжбүр. Сондықтан жастар арасында түнгі уақытта еңбек ету жиі кездесетін құбылысқа айналып келеді.
Ағзаға кері әсері бар ма?
Назымның айтуынша, түнгі ауысымнан кейін күндіз бірден ұйықтап кету оңай болмайды. Кейде аз ғана уақыт көз ілгенімен, толық демалғандай сезім болмайды. Мұндай жағдай түнгі ауысымда жұмыс істейтін көптеген адамға таныс.
Эндокринолог Гүлжан Аманбай мұның себебін ағзаның табиғи ырғағының бұзылуымен байланыстырады. Дәрігердің айтуынша, адам ағзасы түнде демалып, күндіз белсенді жұмыс істеуге бейімделген.
«Егер адам түнгі 23:00-ден кейін кеш ұйықтаса, келесі күні ағзадағы рецепторлардың сезімталдығы шамамен 30 пайызға төмендейді. Сол себепті адам жиі ашығып, бір нәрсе жегісі келіп тұрады. Ұйқы қанған кезде жеген тамаққа ағза шамамен 5 бірлік инсулин бөлсе, ұйқы қанбаған жағдайда бұл көрсеткіш 15-20 бірлікке дейін артуы мүмкін», – дейді эндокринолог.
Дәрігердің айтуынша, мұндай өзгерістер бір күнде ауру тудырмауы мүмкін. Бірақ ұзақ уақыт жалғасса, ағзада түрлі мәселелердің пайда болуына әсер етеді.
Неліктен адамдар түнгі жұмысқа бейім?
Түнгі ауысымның денсаулыққа кері әсері белгілі болғанымен, көптеген адам дәл осындай жұмыс кестесін таңдайды. Оның бірнеше себебі бар.
Біріншісі – қаржылық мүмкіндік. Көптеген мекемеде түнгі ауысым үшін қосымша ақы төленеді. Сондықтан кей адамдар үшін бұл табысын арттырудың бір жолы.
Екіншіден, түнгі уақытта жұмыс орнында адамдар аз болады. Әдетте басшылық пен әріптестер сирек келеді, жұмыс тыныш өтеді. Кейбіреулерге дәл осындай орта ыңғайлы.
Ал кей адамдар күндіз оқуына, жеке шаруасына немесе отбасына уақыт бөлу үшін түнгі режимді таңдайды.
Адам ағзасының биологиялық сағаты
Адам ағзасында «биологиялық сағат» деп аталатын табиғи жүйе бар. Ол ағзаның тәулік бойындағы жұмыс тәртібін реттейді. Ғылымда бұл құбылыс циркадтық ритм деп аталады.
Кешке қарай ми ұйқы гормоны – мелатонинді бөле бастайды. Ал таңертең керісінше сергектік беретін гормондар көбейеді. Дене температурасы, ас қорыту жүйесінің жұмысы және гормондардың бөлінуі осы табиғи ырғаққа тәуелді.
Сондықтан түнде жұмыс істеп, күндіз ұйықтауға тырысқанда ағза толық қалпына келе алмайды.
Түнде адамның зейіні төмендейді
Мамандардың айтуынша, түнгі ауысымда ұзақ уақыт жұмыс істеу адамның зейінін төмендетеді. Бұл кейбір жұмыстарда қателік жіберу немесе жарақат алу қаупін арттыруы мүмкін.
Сонымен қатар ұйқының бұзылуы зат алмасуға да әсер етеді. Ағза жиі тамақ сұрайды, әсіресе тәтті немесе калориясы жоғары тағамдарға әуестік артады. Бұл уақыт өте келе салмақ қосуға және қант диабеті сияқты аурулардың пайда болу қаупін күшейтуі мүмкін.
Нені білу керек?
Егер түнгі ауысымда жұмыс істеуге тура келсе, денсаулыққа ерекше көңіл бөлген жөн. Мамандар ең алдымен ұйқы режимін сақтауға кеңес береді. Мүмкіндігінше күн сайын бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянған дұрыс. Күндіз демалатын бөлме қараңғы әрі тыныш болғаны тиімді.
Сондай-ақ дұрыс тамақтану маңызды. Түнгі уақытта ауыр тағамнан гөрі жеңіл әрі пайдалы ас таңдаған жөн. Ал аздап қозғалу, серуендеу немесе жеңіл жаттығу ағзаны сергітіп, шаршауды азайтуға көмектеседі.
Мамандардың айтуынша, осындай қарапайым әдеттер түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдарға денсаулығын сақтауға көмектеседі.
Дереккөз: El.kz





