Ер Түрікке бесік болған Түркістан көне кесенелер мен қорғандар орналасқан тарихи жер ғана емес, мыңдаған адамның үміті мен мұңы тоғысқан киелі мекен. Мұнда келген жұрт әулие-әнбиенің жерленген жерін аралап, басына түнеп, «тағдырын тапсырып», «жоғын түгендеп» жатады. Ал, шын мәнінде кесененің қасиеті неде? Бұл жерде тілеген тілек, жасаған дұға шын мәнінде қабыл бола ма?
Аты әлемге кең тараған Қожа Ахмет Яссауи, оның ұстазы болған Арыстан баб, Домалақ ана, Айша бибі және Бабаджа Хатун сынды саңлақтардың кесенелері қазіргі кезде өз алдына қасиетті де киелі жер саналады. Қазақстанды былай қойғанда, әлемнің түкпір-түкпірінен келуші көп. Бұрындары адамдар дертіне дауа іздеп, перзент сұрап, арнайы тілек тілеу үшін келсе, қазірде көздің жауын алар кесенелерді тамашалап қайтатындардың саны артқан. Алайда, мазар басындағы шырақшылар келушілерге бұл мекеннің қасиетін түсіндіріп, аңыз әңгіме мен қызықты дерек айтудан жалықпайды.
Қожа Ахмет Яссауи кесенесі 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен оның қабірінің басына тұрғызылған. Кесене мешіт, медресе қызметін де атқарған. Үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Жазулар көгілдір қышпен өрнектелген. «Қазандық» залындағы алып Тайқазан – қазақ халқы үшін жай ғана тұрмыстық бұйым емес, елдіктің, жомарттық пен берекенің символы. Аңыз бойынша бұл қазанға ас дайындап, су құю арқылы халық оны қасиетті деп санаған. Оған қол тигізіп, дәм татуды рухани тазарудың жолы деп білген. Бұл қазақ даласындағы «Ас атасы – нан» деген наным-сеніммен астасып жатқанының дәлелі.
Яссауи дүниеден өткеннен кейін, оның қабірі ислам әлеміндегі ең қасиетті орындардың біріне айналды. Ол адамдар үшін қиындықта жұбаныш, ауруға шипа, ал рухани әлсірегендерге күш беретін киелі мекен саналған. Халық арасында «Түркістанға үш рет бару – кіші қажылықтың (хадж) орнын басады» деген сенім қалыптасқан. Бұл алыс жолға шығуға мүмкіндігі болмағандар үшін Түркістанның ислам әлеміндегі «екінші Мекке» ретінде бағаланғанын көрсетеді.
Кесене қазіргі таңда да қадір-қасиетін жоғалтқан жоқ. Әлі күнге дейін Яссауидің рухына Құран бағыштап, арнайы садақа беріп және тілек тілейтіндер саны көбеймесе азайған жоқ. Өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір халықтың рухани қазынасы болып қала береді.
Орталық Азиядағы мұсылман қауымы үшін ерекше қасиетті саналатын Арыстан баб кесенесі де Қожа Ахмет Яссауи есімімен тығыз байланысты. Халық арасындағы аңыз бен «Рисолаи Сарем-Исфижоб» секілді жазба деректерге қарағанда, Арыстан баб – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) елшісі болған. Аңыз бойынша, пайғамбар шәкірттерімен құрма жеп отырғанда, бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай береді. Ішкі дауыс оның пайғамбардан 400 жылдан кейін туатын Ахметке (Яссауиге) арналғанын хабарлайды. Арыстан баб сол аманат құрманы кейіннен 11 жастағы Ахметке табыстайды. Сонымен қатар пайғамбар оған аманат етіп тәспі берген деседі. Халық дәл осы оқиға арқылы Арыстан бабты ұлы әулие Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы және жол бастаушысы деп санайды.
Арыстан баб – XII ғасырда өмір сүрген діни көріпкел, әулие. Тарихи деректерге сүйенсек, кесененің алғашқы құрылысы XIV-XV ғасырларда басталған. Сол кездегі айван, яғни ою-өрнекті ағаш тіреу элементтері күні бүгінге дейін көне құрылыстың сәнін келтіріп тұр. Кесене дәлізхана, мешіт және азан шақыратын мұнарадан тұрады. Ең көне бөлігі – қабірхана. Оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік орналасқан. Осыған қарап-ақ ғимараттың негізгі ертеректе қаланғанын айтуға болады. Кесене ішіндегі бірінші бөлмеде Арыстан баб жатса, екіншісінде оның шәкірттері – Хермет-баба, Қарға баба және Лашын баба жерленген.
Бір ерекшелігі кесененің сыртында құдық бар. Құдықтан су алып ішкен адамның дұға-тілегі қабыл болып, армандары орындалады деген сенім қалыптасқан. Бір қызығы судың дәмі әр адамға әртүрлі сезіледі-мыс. Қазіргі уақытта Арыстан баб кесенесі мемлекеттік қорғауға алынған.
Түркістанға табан тіреген кез-келген адам өз заманында халықтың анасы атанған абзал жан – Домалақ ана кесенесіне мінәжат етпей кетпейді. Халқымыздың тарихында Домалақ ана – даналық, мейірімділік пен береке-бірліктің символына айналып кеткен. Нұрила анамыз тек Бәйдібек бабаның жұбайы емес, Албан, Суан, Дулат руының қасиетті анасы. Көптеген зерттеу еңбекте «Домалақ ана» сөзінің этимологиясы оның сыртқы келбетіне байланысты қойылған деп жазылған. Ол домалақ, толықша келген және аласа бойлы болған деседі. Тағы бір нұсқада ел-жұрт ананың ақыл-парасаты мен даналығына қарап Домалақ ана деп атап кеткені айтылады.
Домалақ ана Бәйдібек бабаның екінші жары. Олардың табысуы «Бабалар сөзі» жинағындағы аңыздарда ерекше суреттеледі. Мақтым Ағзамның түсіндегі аян бойынша, немересі Нұриланың білегінен алғаш ұстаған адам оның тағдырлы жары болуы керек. Құдыққа түсіп кеткен қызды құтқарып қалған Бәйдібек бидің оны шапанына орап, атасына тапсыруы – екі әулеттің бірігуіне жол ашқан тарихи сәт ретінде баяндалады.
Халық анасының даналығы мен көрегенділігі талай жұртты тамсандырған. Абыз ана ел қорғау мен саяси шешімдерге де араласып, өз ықпалын тигізген. Оның жаугершілік замандағы тапқырлығын, табиғат пен жануарлар тілін түсіне алатын ерекше қасиеті болғанын халық әлі күнге дейін есте сақтап, ерекше дәріптейді. Өмірінің соңғы кезінде Домалақ ананың түсіне Бәйдібек ата кіріп, туған мекені Қаратауға қайтуды аян еткен екен. Осы аянды орындаған ана ғұмырының соңын Қаратау баурайында өткізіп, намаз үстінде дүниеден озады.
1456 жылы немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді арнайы алдыртып, ананың басына төрт қанатты күмбезделген кесене тұрғызады. Алайда, кесене бірнеше рет бұзылып, қайта жаңартудан өткен. ХХ ғасырдың басында бой көтерген ескерткіш дөңгелек пішінді, сыртынан алты нишалы, ал күмбезі негізгі ғимараттың үстіне орнатылған еді. 1957 жылы қайта жаңғыртылғанымен, ол нұсқа да көп сақталмады. 1996 жылы Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ таспен жаңадан өріліп, ғимаратқа тың архитектуралық келбет берілді. Жерден 12 метр биіктікке дейін сегіз жапырақты етіп өрілген бұл кесененің жобасын сәулетші Саин Назарбеков жасаған.
Кесене ғимаратында көне қолжазбалар сақталған. Бүгінде бұл мекен қалың жұртшылық тәу ететін қасиетті орын. Домалақ ананың басына келушілердің қатары әйел кісілер. Қасиетті жерге арнайы келіп, Құран бағыштап, перзент сүюді сұрайды. Осы үшін де кесене ішінде арнайы бөлме, оның ішінде бесіктер бар. Халық арасында тараған әңгімелерге сенсек шынымен де ұзақ жылдар бойы құрсақ көтермеген әйелдер осы жерге келген соң бойына бала бітіп, перзент сүйгендерін айтады.
Киелі кесенелерге бару– тек тарихи жәдігерді тамашалап қана қоймай, адамның ішкі жан-дүниесімен сырласатын, Жаратушыға деген сенімін бекемдейтін рухани қажеттілік. Кесене – Алланың шексіз құдіретіне шүкіршілік етіп, бабалардың өнегелі өмірінен тағылым алатын, тағзым ететін және жаныңызға тыныштық сыйлайтын мекен. Дұғаның қабыл болуы ғимараттың биіктігіне немесе тасының әдемілігіне байланысты емес. Ең алдымен, адамның көңіліндегі кіршіксіз ниетінің шынайылығында жатыр. Сондықтан, киелі жерге барғанда сыртқы нышандардан бөлек, ішкі жан дүниенің тазалығы мен ниеттің дұрыстығына мән берсеңіз, әрбір дұға-тілек қабыл болары сөзсіз.
Мақпал ӘДІЛХАНҚЫЗЫ








