Түркияда қазақтар тұратын Алтай ауылының 50 жылдығын тойлағанда Ниде қаласында Абылай ханға ескерткіш орнатылған. Ашылу салтанатына Түркияның Мәдениет министрі Атилла Қош қатысты. Бірақ бес жылдан соң қазақ ханына қойылған ескерткішті жергілікті билік алып тастайды. Мұстафа Көк көптеген мекемелердің табалдырығын тоздырып, ескерткішті қалпына келтіруін талап етеді. Екі жылдан соң ескерткішті қайтадан қойып, ол жерді Абылай хан атындағы саябаққа айналдырған.
Мұстафа Көк өзі тұратын аумақта қазақ мәдениетін насихаттау қауымдастығының басшысы. Оның жетекшілігімен өңірде ұлттық дәстүр мен тіл тағылымы жүйелі түрде жалғасып келеді. Ниде қаласында ұйымдастырылатын «Ақ найза», «Қазақтың ұлттық киімдері», «Дастарқан мәзірі» атты шаралары халық әндерімен әспеттеледі. Ол жастайынан ата-анасына қолғабыс етіп, шаңырақтың тұтқасы бола білді. Кейіннен өзі де отбасылы болып, 4 баланың әкесі атанып, барлығына жоғары білім алып берген. Қарт әке-шешесі жасы келген соң сал ауруына шалдығады. Мұстафа ол кезде білім іздеп Нидерландыда жүрген екен. Алтай ауылындағы қара шаңыраққа қайтып келген Мұстафа төсек тартып қалған қос қарияны балаша мәпелеп бағады. Ескірген қарашаңырақты қайтадан қалпына келтіреді. Мұстафаның әкесі Мағзұм өз заманының беделді азаматы. Аузы дуалы, ел сыйлаған дәулетті жан болған. Әлі күнге дейін ол жайлаған мекенді «Мағзұм сайы» деп атайды екен. Анасы Бәтима әулет сыйлаған абыз ана болыпты. Өмір сағаты келген қос қария ұлдарына разылығын айтып, бақи өмірге аттанады.
Пандемия кезінде бірге жұмыс істейтін адамның сырттай білім алғанын көріп, Мұстафаның да білімге деген аңсары ауады. Жас емеспін, қалай болар екен деген ойлар да мазалайды. Тәуекелге бел буып, кезінде аяқсыз қалған орта мектепті аяқтайды. Содан кейін 60 жасында «Ниде Өмер Халисдемир» университетіне барып сынақ тапсырады. Барлығы сәтті өтіп «Қазіргі түркі тілдері және әдебиеттер» факультетінің студенті атанып шыға келеді. Нидеде оқып жүргенінде университеттегі түркология бөлімінің басшысы «Келесі жылы Орхун алмасу бағдарламасымен Қазақстанға жіберейін» деп ұсыныс айтады. Бұл ұсынысты естігесін алпыстан асқан шақта ел аралап кеткен қолайсыз болар деген ой келіп, қарсылық та білдірген. Бірақ туған жерге деген сағыныш па, жүрек шіркін бұлқынып, тулап береді. Оны өзі сезсе де ешкімге білдіргісі келмей жасының үлкендігінен қысылып, ыңғайсыздық танытты. Оның үстіне Түркияда жақсы айлық алатын жұмыс істеп жүреді. Зейнетке шығуға да жақын қалған, зейнетақының да көлемді болғанын қалады. Ойлана келе бәрін тастап, қасиетті Түркістанға жол тартты. Бұл оның атажұртқа деген сағынышы шығар.
Оқуға түскен кезде алпыста едім. Әрине, менің жасымдағы студентке көпшіліктің таңдана қарайтыны айтпаса да түсінікті. Басында топтастарыммен тіл табыса алмай, ұстаздың алдына барып отыруға ұялып, үнемі артта отыратынмын. Оқытушы: «Мұстафа аға, алдыға келіп отырсаңызшы. Неге үнемі артта отырасыз?» – деді. Сөйтсем, мұғалімнің алдына барып отырған жақсы екен ғой. Тақтадағы жазуды анық көресің, айтқандарын анық естисің. Кейін бәрі өзгеріп сала берді. Бір жыл өте олармен дос болып, жақын араласып кеттім. Топтағы екі-үш қыз кабинетке кіре сала «Ағаның қасына мен отырамын!» деп немерелерім секілді таласады. Олардың бұлай жылы қабылдауы оқуға ықыласымды одан ары арттырды. Шіркін, қазақ халқы өте бауырмал, сезімтал ғой. Менің қысылып жүргенімді сезген балалар ортаға тартып, қолдау білдіріп, ыстық ықыластарын танытты, – дейді Мұстафа студент. Рас, атажұртқа келгесін бір туған қандастарына, қазақ халқына деген құрметі жоғары болған. Ол жасының үлкендігіне емес, бойындағы қанның қазақ болғанын мақтаныш етіп, ортаға тез сіңісіп кетті. Мұстафа болашақта оқуын жалғастырып, магистратураға түспекші. Оқуға Қазақстанға түспекші.
Мен Алматыда да, Астанада да болдым. Кейбір бауырларымның қазақша сөйлегісі келмейтіні қынжылтады. Түркістанда бәрі басқаша. Автобуста, көлікте, дүкенде, барлық жерде қазақша сөйлейді. Мен жалдап тұратын пәтер әкімдікке қарсы бетте орналасқан. Күнде үш-төрт сағат далада серуендеймін. Саябақта көп отырамын. Айналамның бәрі қазақша сайрап тұр. Бұл менің жанымды жадыратады. Түркияда ортамыз түрікше сөйлеседі ғой. Ал ана тіліміз – қазақша ғана сөйлейтін ортада жүру, қазақша әңгіме тыңдаудың өзі бір ғанибет!», – дейді туған жердің қадірін білетін бауырымыз.
Енді Мұстафа Көктің ата-бабалары, олардың Түрік жеріне қалай барғандығы жайлы айтқандарымен бөлісейін. «Менің аталарым Сырдарияны бойлап, Өскемен, Зайсанды басып өтіп, Қытайға қарай шығып кеткен екен. Ол кезде шекара жоқ еді ғой. Жайлау «қуалап» кете берген. Бір жақты орыстар, екінші жақты қытайлар бөліп алғанда аталарымыз Қытай жағында қалып қойған. Содан кейін тепкіге ұшырағысы келмеген олар Үндістан, Пәкістанды кесіп өтіп, Түркияға ауды. Бұл тарихты сіз де жақсы білетін боларсыз. 1936 –1937 жылдары Қытай өкіметінің зұлымдығына шыдамаған қазақтар Гансу деген жердегі мұсылман қытайлардың жанына көшеді. Қытайлар олардың 100-ден аса адамын жазықсыздан жазықсыз мерт қылған екен. Содан Елісхан батыр өздеріне қастық қылғандардан өшін қайтарып, басқа жаққа көшіп кетеді. Ол жерде дүнгендермен бірлесіп өмір сүреміз деп ойлайды. Мұсылман қытайлар арамдық жасамайтын шығар деп топшылайды. Бірақ, бұлардың қытай тілін жақсы білетінін ескермеген дүнгендер бұлардың көзінше бір-бірімен арам ойларын іске асырмаққа келіседі. «Қазақтар аңқау. Көшіп келгендері жақсы болды. Өтірік тамыр болып жүріп, жас әйелдерін «пайдаланып», қыздарын алып-алайық», – дейді. Намысын ешкімге таптатпаған Елісхан Әліпұлы қылышын қынынан суырып, арам ойларын іске асырғысы келгендердің біразын өлтіріп, елді жиып, Түркияға кетуді амалдайды. Алтайдан Анадолыға ауған көшті Елісхан батыр мен Зайып Тәйжі бастайды. Осылайша Гималай тауы арқылы Үндістанға жетеді. Шекарада солардың әскерімен соғысады. Адамдарды тінтігенде Смайыл деген кісінің қалтасынан Құран шығады. Бұдан хабардар болған генерал соғысты дереу тоқтатып, қайдан келе жатқандарын сұрайды. Қазақтар қытайдан қорлық көргеннен көшкенін айтады. Сөйтсе әскер басшысы генерал мұсылман екен. Арып-ашып келе жатқан қазақтарды генерал бір жерге қоныстандырады. Гималай суық, Үндістан ыстық, ауа-райының алмасуы көшті аздырады. Адамдар тырысқақ ауруына шалдығады. Алдындағы қайырым көрсеткен генерал Елісхан батырға: «Сендердің обалдарыңа қалмайын. Мен күзетте болғанда қашуларыңа мүмкіндік жасаймын. Мұсылман ханға жетуіңе көмектесемін. Соған барып жағдайды айтыңдар»,– дейді. Сөйтіп көш Үндістаннан Пәкістан ауады. Қазақтың басынан не өтпеді, жол бойы талай қазақ қырылып, ақыры Пәкістанға да жетеді. Пәкістанда жағдайлары жақсы болады. Оларға еркіндік беріп, 10 жылдай осы мемлекетте тұрады. Бірақ көш бастаушылар қазақтардың Түркияда ғана өсіп-өнетінін, алаңсыз өмір сүретінін естен шығармайды. Қалай да көшті Стамбулға жеткізуді мақсат етеді. Көш қанша жыл жолда жүрсе де бағытынан айнымайды. Көш бастаушы батырлар аманатты соңына дейін жеткізіп, 1952 жылы Анадолы шекарасынан кіргізеді. Міне, содан бері Түрік бауырлармен бірге өсіп, өркендеп келеді. Мұның барлығы сол кездегі көш бастаған батырлардың арқасы. Халықты қырып алмай, бір туған Түріктердің ортасына қосты. Бүгінде екі елдің достастығы жарасқан. Аманатты арқалап, елін жайлы жерге орналастырған Елісхан батыр 38 жасында дүние салады. Мұстафа Көктің айтуынша, Пәкістанда жерленген Елісхан батырдың зиратының үстіне жарық сәуле түсіп тұрады екен. Мұны көрген жергілікті халық «мынау әулие адам екен» деп мал айтып сойып, зиратты қоршап, тәу етіпті. Бүгінде сырқат меңдеген, бала көтере алмаған адамдар барып, дұға оқып, сол жерге қонатын көрінеді. Елісхан батырдың жатқан жеріне нұр болып жауып тұрған зұлматтан аман қалған көптің алғысы болар. «Пейіште нұры шалқыды» деген осы. Түріктер бізді қардештеріміз, яғни қандастарымыз деді. Әлі солай. Біз түзу жүргеннен соң да жақсы көрді. Тері илеумен, мал шаруашылықпен шұғылдандық. Той-томалақта, құран хатымда біргеміз. Ұсақ мал өсірдік. Тері аяқкиім тігіп, Стамбулға саттық. Пайдасын да көрдік. Тері арқылы кооператив құрып, зауыттар ашып, тұрмысымыз жақсарды. Қазақ ауылдарында тіл сақталды. Балаларды 1978 – 1980 жылдары қалаға апарып, алып келіп оқытты. Жол шығынын өкімет өзі көтерді, ұрпағымыздың барлығы білімді. Бүгінде Германия, Швеция, Нидерланды, Францияда тұрып жатқандардың көбі – біздің ауылдың тумалары», – дейді Мұстафа Көк. Жары Гүлсім екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірген құтты шаңырақ. Екі қызы мұғалім, бір ұлы Стамбулда полицей, ал кенжесі Халид Қытайда оқып жатыр.
Міне, алпыс жасында атажұртқа келіп, киелі Түркістанның топырағын басқан Мұстафа Көкті қалай мақтасаң да жарасады. Егде тартқан шақта студент атану әркімнің қолынан келе бермейді. Білім арқылы туған жердің жусанын иіскеп, жер-жаһанды аралап жүр. «Білім алу ешқашан кеш емес» дегенді Мұстафа бауырымыз дәлелдеп тұрғандай. Осы жақсылықтың барлығын әке-шешесінің Мұстафаға деген разылығының арқасы деп біледі. Ата-ананың батасы қашанда қабыл болады деген осы болар!
Гүлжан ТҰРСЫН





