Қыс мезгілінде автокөлік иелері үшін қауіп-қатер едәуір артады. Жыл басынан бері еліміздің аумағында автокөліктерде 373 өрт оқиғасы тіркелді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары аязды күндері көліктің жануына негізінен мұздап қалған бөлшектер мен агрегаттарды ашық отпен жылыту әрекеттері себеп болатынын айтады. Көлікті жылыту үшін ашық отты қолдануға қатаң тыйым салынады, өйткені тілсіз жау азаматтардың өмірі мен мүлкіне тікелей қауіп төндіреді.
Автокөліктердің өртенуіне әкелетін негізгі себептердің қатарында электр жүйесінің ақаулары, сымдар изоляциясының зақымдануы, жанармай мен майдың ағуы, сондай-ақ агрегаттардың қызып кетуі бар. Сонымен қатар көлікке қосымша электроқұрылғылар орнатылған кезде қысқа тұйықталу жиі орын алады. Техникалық ақауы бар көлікті пайдалану өрт қауіпін бірнеше есе арттырады.
Автокөліктің ішкі құрылымында жанғыш материалдар өте көп. Тіпті кішкентай ақау немесе ұшқын болса да, от көзінің әсерімен өрт қас-қағым сәтте таралып, көліктің 5-10 минут ішінде толықтай жанып кетуіне әкеледі. Сондықтан кез келген ұсақ ақауға бей-жай қарамаған абзал.
Төтенше жағдайлар министрлігі автокөлік иелеріне мынадай кеңестер береді:
-
Көлікті уақтылы техникалық қызметтен өткізіп, электр және жанармай жүйесінің жай-күйін ұдайы бақылап отыру қажет.
-
Егер көлікте қандай да бір ақау анықталса, оны пайдаланудан бас тартқан жөн.
-
Әрбір көлікте жұмыс істеп тұрған өрт сөндіргіштің болуын қамтамасыз ету міндетті.
-
Мұздап қалған бөлшектерді жылыту үшін дәнекерлеу лампасы немесе ашық отты қолданбаңыз.
Өрт қауіпсіздігі – тек техникалық мәселе емес, бұл жүргізушінің жауапкершілігі мен айналасындағылардың қауіпсіздігі. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы сіз өз мүлкіңізді ғана емес, өміріңізді де сақтап қаласыз.
Құрметті азаматтар, әсіресе ауа райы суытып, температура төмендеген кезде барынша абай болыңыздар. Көлікті жылытудың заманауи және қауіпсіз әдістерін қолдануды ұсынамыз.





