Облыс орталығында өнер мен сұлулықтың, парасат пен талғамның тоғысқан мерекесі өтті. Жетісу өңірінің мәдени өмірінде өзіндік орны бар дәстүрлі «Жетісу аруы – 2025» қыз сыны байқауы көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады. Оған қала мен ауданнан іріктелген 12 бойжеткен қатысып, өздерінің білімін, өнерін, ұлттық құндылықтарға деген құрметін сарапқа салып, сынға түсті.
Байқау барысында қатысушылар «Таныстыру», «Сұрақ-жауап», «Өнер әлемі» кезеңдері бойынша біліктілік танытты. Алдымен өзін таныстырып, болмыс-бітімімен, сөз саптауымен ерекшеленсе, сұрақ-жауапта ой ұшқырлығын, дүниетанымын көрсетті. Ал «Өнер әлемі» кезеңінде әр бойжеткен тек сән-салтанатымен ғана емес, зерделі ойымен, шебер өнерімен даралануға тырысты. Бірі ән шырқады, бірі би биледі, енді бірі қолөнерін көрсетіп, көптің ықыласына бөленді.
Қазылар алқасының төрағасы Айгүл Сәбитова:
– «Қазіргі заман аруы қандай болуы керек?» деген сауалдың туындауы заңдылық. Бұл сұрақтың жауабы да байқау барысында айқындалып отыр. Бүгінгінің сұлуы – тек көрікті келбет иесі емес, білімді, көзі ашық, ойы сергек, тілін құрметтеген, тарихын таныған, өнер мен ғылымды қатар меңгерген тұлға болуы шарт. «Жетісу аруы – 2025» байқауы дәл осы мақсатты көздейді. Жалпы бұл байқау 2000 жылдары өткізіліп тұратын, араға 12 жыл салып жаңғыртып қайта өткізіп жатырмыз. Ару болу мәртебе емес, үлкен жауапкершілік, – дейді.
Қазылар алқасының шешімімен Панфилов ауданының атынан қатысқан Балауса Жақсылықбай байқау жеңімпазы атанды. Балауса Бөрібай би ауылының тумасы. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ бөлімінде «есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алуда. Ол келер жылы да «Қазақ аруы» байқауына қатысуды көздеп отыр.
– Мен бұған дейін Жаркент өңірінде өткен қыз сынының жеңімпазы атанып, осы байқауға жолдама алдым. Жалпы, ұйымдастырушыларға ерекше алғыс айтқым келеді. Бұл жобаны өте жоғары деңгейде ұйымдастырған. Қатысушы қыздар да бірінен-бірі өтеді. Бәрі жеңімпаз болуға лайық деп санаймын. Маған қолдау көрсеткен отбасыма, сайысқа дайындаған жетекшім Айдана Мұсағұловаға айтар алғысым шексіз, – дейді «Жетісу аруы – 2025» байқауының жеңімпазы Балауса Талғатқызы.
Қазақ халқы үшін қыз баланың тәрбиесі – елдің, ұлттың келешегімен тікелей байланысты. «Қызға қырық үйден тыйым» деген мақалдың түп мәнінде әдеп, имандылық, парасат, өнер сынды қасиеттер жататыны белгілі. Сондықтан да мұндай байқаулар тек сыртқы сұлулықты бағалайтын шара емес, ол – ұрпақ бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіріп, қыздардың рухани-мәдени әлеуетін көрсететін алаң екені шындық.
Медет Жұмабай





