Биыл ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны түгендеу бойынша облысымыздың бірқатар аймағында кездесулер мен семинарлар өтті.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитетінің мүшесі Евфрат Бағдатұлы басты спикер ретінде өлкемізге келді. Ол дәстүрлі мәдени тәжірибелерді құжаттандыру бойынша кешенді жұмыс- тың маңыздылығын, оларды ел ішінде де, шетелде де ілгерілетудің қажеттілігін түсіндірді.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен аталған жұмыс тобының құрамына мәдениет, спорт, туризм, білім саласының мамандары кірді. Сапар барысында қолөнер, дәстүрлі ән, жыр, терме, аңыз әңгімелер, сокралды жерлер, саятшылық, ұлттық ойын түрлерінің тізімі жасақталды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – өңірге тән элементтер есебінен Ұлттық тізімді түгендеу, жаңарту және кеңейту.
Мәдени мұраны түгендеу барысында атқарылған бұл игі шаралар үлкен жұмыстың бастамасы десек те артық болмас. Алдағы уақытта сараптамалық топ жұмысы нәтижесінде толықтай жасақталып, Ұлттық тізімге енгізіледі. Бұл дегеніміз – Ұлттық мұрамызды әлемге насихаттауға, мәдени байлығымызды паш етуге үлкен жол.
Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,
Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы
облыстық тарихи-өлкетану музейінің
редакторы





