Облыстық С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханада «Наурыз – ежелгі дәстүр, мәңгілік мұра» атты кең көлемді кітап көрмесі оқушыларға ұсынылса, қаланың орталық арбатында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге негізделген мәдени-танымдық наурызнама ұйымдастырылды.
Кітапханада оқушыларға қазақ халқының ұлттық киімдері мен сәндік-қолданбалы өнеріне арналған Сабыркүл Асанова, Ғалия Қайдауылқызы, Ерлан Қожабаев сынды авторлардың түрлі тақырыптағы кітабы таныстырылды. Ол туындыларда киім-кешектің жасалу тәсілдері, ою-өрнектері мен мәдени маңызы баяндалады. Бұл туындылар қазақ халқының ұлттық киім мәдениетін, оның тарихы мен көркемдік ерекшеліктерін тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Көрмеге қатысқан қаладағы №4 орта мектептің 4-сынып оқушылары мекеме қызметкерлеріне көкейіндегі сұрақтарын қойып, ұлттық киімнің маңыздылығы туралы тың ақпарат алды.
– Біз наурыз мерекесі жөнінде, қазақтың ұлттық киімдері туралы кітапханадан жан-жақты ақпарат алдық. Кітапханашы апайлар бізге халқымыздың түрлі тамағын, музыкалық аспаптарын, тұрмыстық әртүрлі бұйымын таныстырды. Көрме маған ерекше ұнады, – дейді 4-сынып оқушысы Аңса Бақытжан.
Ал ашық аспан астында өткен шара тұрғындардың басын қосып, ұлттық бірегейліктің жарқын үлгісін паш етті. Шаһардың бас алаңы мерекелік кейіпке еніп, жиналған жұртшылыққа ыстық бауырсақ ұсынылып, ұлттық дәмнен шашу шашылды. Бабы келіскен қыран бүркіт көтерген саятшылардың келуі жиынның көркін қыздырады. Тұрғындар батырлармен, құстармен суретке түсіп, ерекше әсерге бөленді.
– Міне, жастарымыз қазақша киініп жүр, қандай әдемі, көңіл қуантады. Әрдайым осылай киініп жүрсек қой. Осы үрдістің жалғасуына тілекшімін. Елдігіміз мәңгі болып, Көк туымыз желбіреп, асқақтай берсін, – дейді қала тұрғыны Базаргүл Тұғылбаева.
Мерекелік жиында тұрғындар мен қала қонақтары қазақтың дәстүрлі киімдерімен танысты. Арбат алаңындағы қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық тағамдар, әсем ән мен күмбірлеген күй мерекелік көңіл-күйді еселей түсті.
Мерекелік думанның сәнін жиын өтіп жатқан орынға жеткізілген түйелер де аша түсті. Төрт түліктің төресін қызықтаған жұртшылық ежелгі көшпенділер өмірінен сыр шертетін бұл көрініске айрықша ықыласпен назар аударды.
Медет Жұмабай





