Адам қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да, өмірдегі ең ұмытылмас сәттері болып мектепте өткізген уақыт қалатын шығар?! Мектеп – білім айдынындағы үлкен кеме. Осы кемеде 11 жыл уақытты әр бала өткізетіні ақиқат. Алтын ұя табалдырығын тарыдай болып аттап, білім алып, таудай болып шыққан біз ең бақытты ұрпақпыз.
Кеше ғана жазуды да, оқуды білмейтін кішкентай ғана балалар биыл мектеп бітіру туралы аттестатты қолдарына ұстап, үлкен өмірге жолдама алды. Көзді ашып-жұмғанша уақыт тез өтті де кетті. Соңғы қоңырау осы жылы біз үшін расында да соңғы рет соғылды. Мектеп қабырғасында өткен алаңсыз шақты сағынатынымыз сөзсіз. Мектеп қабырғасында өткізген әр күн, қырық бес минут балалық шағымның балғын уақыты болып қала бермек.
Мектеп үлкен отбасы, ұстазымыз – біздің ақылшымыз, сыныптастарымыз – жақын досымыз. Мектеппен қоштасу балалықпен қоштасу. Білім ошағында біздер шынайы достар таптық, білім алып, өмірді үйрендік. Мектеп бізге тірек болып, жылулық пен бақыт сыйлады. Ал ұстаздар болса өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай отырып бізге үйретуден еш жалықпады.
Қ. Жалайыри атындағы орта мектеп гимназиясын бітірген түлектердің бірімін. Мектебім маған үлкен өмірге жолдама берді. Мектебімдегі барша ұстазыма алғысым шексіз. Сол кісілердің берген білімдерінің арқасында ҰБТ-дан жүзден жоғары ұпай жинадым. Бәріміздің қамқор анамыздай болған аяулы ұстазым Марал Мұратқызына шын жүректен рахмет айтамын. Енді алдыма үлкен мақсат қойып, асқар асуларды бағындырып, елім мақтан тұтатын азамат болғым келеді. Бұл мәпелеп өсірген ата-анамның, ақылшы ұстаздарымның, алтын ұя мектебімнің алдындағы борышым. Барлық түлекке сәттілік тілеймін! Армандарымыз орындалсын!
Іңкәр САХАН,
Қ. Жалайыри атындағы орта мектеп
гимназиясының түлегі,
«Алтын белгі» иегері